23.06.2021
  248


Автор: Фариза Оңғарсынова

Білмейсің бе, қарағым

Білмейсің бе, қарағым,
менің мінез-құлқымды?
Осы күймен қаламын,
бола берсін "біртүрлі".
Екі өлшеммен шектелем,
айыптасын көп пенде -
жақсы көрем, жек көрем,
орташалар жоқ менде.
Талабым сол баршаға,
кетем онсыз қол сілтеп:
кісі өлтіріп алса да,
шынын айтып келсін тек.
Басымды ойлап жүдемен,
өзгешелеу тұлғамды ұқ.
Досым үшін жіберем
ғұмырымды құрбан ғып.
Қиын-қыстау шақтағы
жеңбей өмір қыспағын,
ниетімді сатқаны -
мәңгілікке дұшпаным.
Мені емдейтін дәрі кем,
қыңыр дей бер сен мейлің.
Жалғандықтың бәрімен
келісімге келмеймін!





Пікір жазу