19.06.2021
  184


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тыңдашы, жан досым-ай

Тыңдашы, жан досым-ай,
біз енді жүреміз бе мәңгі осылай:
екі жақта жалғыздан жылап, күліп,
бірімізге біріміз құлақ түріп,
сырттай мәз боп көрініп, іштен жылап,
жоламауға тырысып күшпен бірақ,
мен сені ойлап елжіреп, сен де мені,
екі жүрек қашанғы сенделеді,
ұмыта алмай, аһ ұрып, дара жүріп,
жат құшаққа тығылып пана ғылып -
сен сияқты жарқылдап жүрем мен де
ағайынсып, доссынып біреулерге,
жанымызға солардай ең керегі,
толатындай көңілдің келте жері...
Еске салып сол кезді есер жүрек,
жын соққандай қаламыз есеңгіреп.
Бұл жақындық тағдырмен келген еді,
мүмкін емес оны ешкім емдемегі.
Бөлектейтін арман жоқ жеке бізде,
түскенменен басқа жол, бөтен ізге...
Жүрек жасты жетімдей. Шынымен біз
осылай кетеміз бе?..





Пікір жазу