19.06.2021
  226


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жаным пәк, аппақ едім

Жаным пәк, аппақ едім
балауыз балапандай,
күлімкөз, мақпал ерін,
күлкімнен таң атардай.
Көңілім жас баланың
кіршіксіз жанарындай -
Нұр шашып қас-қабағым,
кеудемнен он арылмай.
Құштар ем сұлулыққа,
сүюші ем бәрін де мен.
Қараймын бүгін жұртқа
салқындау сабырменен.
Арын жоқ көңілдегі,
кеудемде бұлақ қатты.
Шарпыған өмір демі
шаттықты жырақтатты.
Ертіп келген жігітін
ауылдастарына таныстыруы
Күн көрік пен Майрада жыр-ән барда,
ғашық етпей жігітті тұра алған ба!
Ертіп келдім, сүйдім де, басқа ауылдан -
іздеп табар сыңарын қырандар да!
Елі көшкен бір кезде алыс жайға -
жер дауында ағайын шабыспай ма?!
Келіспей ме достар да өкпелескен?
Бірақ кейде кетеді табыспай да...
Достық десе, қашаннан дала шалқып,
көрген емес ешкімді аласартып.
Бұл заманда татулық, таныстықтың
алтыннан да, ардан да бағасы артық.
Жүрегіме үніммен жазам атын.
Ойсыз іске бейнет пен жаза жақын -
аласартып жүрмеңдер, бермейміз деп,
асқар тұтқан бір елдің азаматын.
Ғұмыр үшін түк емес жер кеңдігі,
көктемнің де солады көркем гүлі.
Бүгін - шаттық, шалқып қал, сайраңдап қал,
алғы таңнан қөрерміз ертеңгіні!
Айыптама, ағайын, ессіз деме,
жалын кештім, білмеймін кештім неге...
Қажет емес қалың мал, қысырағы -
сезімімді сатпаймын ешкімге де!
Майраның інісіне айтқаны
Ниетің аппақ екен,
Осы бір тазалықты сақта, көкем!
Ал мен кейде шаршаудан, шалдығудан
үйіме шаққа жетем.
Аурудай сүйекке енген
жүрегіңді сыздатар ниеттерден
жабырқауды, жүдеуді, қүрсінуді
басымнан жиі өткергем.
Достыққа үміт - серік,
кейбіреулер доссынып күліп келіп,
қас жауым боп оқ атқан. Содан жұртқа
қараймын күдіктеніп.
Қатал ғой сыншыл ғалам,
жалғандықтан қашанда күрсінді адам.
Қалқам, мынау заманға жат түріңмен,
тасқа шыққан ақ гүлдей пәктігіңмен
қымбат боп тұрсың маған.





Пікір жазу