19.06.2021
  239


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қыз қуу

Елең болмай жайлауда жаз аптабы,
қызып кетті бойымда қазақ қаны:
- Ертте, жезде, ең жүйрік сәйгүлікті -
басталуға "Қыз қуу" аз-ақ қалды!
- Ат - машина емес, ал ақыл ұғып,
кетері бар, балдызжан, қапы қылып.
Ерке қызын қаланың ат көрмеген
жығып кетіп жүрмесін атып ұрып!
-Тұрарым жоқ алданып айла-егеске,
белді будым қалсам да қай белесте!
Жол соңына жасықты қалдыратын
өмір деген өзі де бәйге емес пе!
... Арғымаққа жөнелдім қамшы басып,
(қарап қоям қауіппен артыма шын!)
Мені қуып жеткенше, ей, жігітім,
қара терге өзің де малшынарсың!
- Обалсыз, - деп, - есекке сеніп мінген!-
қамшы ойнаттым қайтарда төніп бірден.
Неге екенін білмеймін, жігітті емес,
атын ғана сабалай беріппін мен...

1965





Пікір жазу