19.06.2021
1675
Ананы жоқтау
Айсәуле ана – ақ ана,
балаушы ем сені данаға,
өсиет сөзің санада.
Ұзатып сені сапарға,
жалғыз қалдым жағада.
"Ақ патшам" деп алдымнан,
шығушы едің, жан ана.
Енді кіммен сырласам,
енді кіммен мұңдасам?
Орның толмас жырласам,
өзіңді іздеп қырға асам.
Әкенің отын өшірмей,
алғыс алдың жұртыңнан.
Қазақтың ақыл-есіндей,
халқына дара ұл туған.
Батагөйі едің елімнің,
Сен кеткен соң келіннің
жанарына мұң тұнған.
Менің де жасып жігерім,
жыладым-дағы, жүдедім.
Жалғызсырап тұр жүрегім…
Әулиелер жатқан топырақ,
торқалы болар – білемін.
Жәннатта болғай жаны деп,
қол жайып тілек тіледім.
Арттағы ел, бала-шағаға,
жар болсын, Алла-тағала,
жебей гөй бәрін, Жан Ана!..