19.06.2021
  532


Автор: Фариза Оңғарсынова

Келіншек

Депутат жігіттің қабағы қатыңқылау отырған. Сабырлы да ойлы жүзіндегі байсалдылық алғаш көрген адамға салқын қанды, тоң мойын біреу ме деген күдік туғызып тастауы да әбден мүмкін. Бірақ көзіне көзі түскен адам қалыңдау қабағының астындағы қос жанарда белгісіз бір от ұшқыны тұнып тұрғанын байқайтын. Ол жанарын тік қадағанда, бейне алмас - шындықтың жүзіне тура қарауға дәті шыдамайтын бір бейшаралардай, кейбіреулер өз-өздерінен сырғытып әкетуге не төмен қарауға мәжбүр болатын. Бірақ келіншек дір етпеді не төмен қарап, себепсіз бүгежектемеді. Өзінің салмақты да сабырлы, тіпті айналаға немқұрайдылау қараған қалпында отырып жай-күйін баяндады. Әлия Қарамергенова Алматыдан Шевченко қаласына келгеніне жарты жылдан асып барады, өзі дәрігер екен. Келген жұмысы - өзінің участогіндегі ауру Иван Федоровқа үй алып беруге қалалық советтің депутатынан көмек сұрау. Депутат Сағынбек Айтуаров іштей әрі таңырқап, әрі келіншектің жанашырлығына сүйсінсе де, сыр берген жоқ. Еңбекшілер депутаттарының қалалық комитетінде сөйлесіп, кейін хабарлайтынын айтып, жұмыс телефонын жазып алды.


***


Екеуі кешкі қала көшесімен жүріп келеді.


- Құралайға, бала бақшаға барамыз ғой? - деді, жігіт келіншектің қолтығынан еппен ұстап. Әлия үнсіз басын изеді. Әлі үйленбеген жап-жас жігіттің құлынды биедей балалы келіншекке ықыласы құлап ынтыққанына әуелі мән бермей, әшейін өткінші сезім дағы деп қараған. Бірақ Сағынбек бар ықылас-ілтипатымен, адал көңілімен бірте-бірте мұның жан дүниесіне еніп бара жатқандай. Дүниедегі ең жақын адамынан опық жеген көңілі жүдеу адамға жалғыздық қасіретінен құлазудан асқан азап пен қайғы жоқ қой. Осындай күйде жүрген Әлияның жанын жігіт үнсіз-ақ ұғатындай. Ылғи уақыт тауып, көңіл бөліп, амандық-саулығын сұрап тұрады. Соңғы кезде тіпті оның телефон соғуын күтіп қалатындай ма, қалай. «Жақсы көрем, сүйем-күйем» демесе де, бар болмысында бір ерекше табиғи жылылық пен жақындық бар секілді. Мұның өткен жолын тәптіштеп сұрамайды да.


- Аға, кеше неге келмедің мамаммен бірге?


Кішкене Құралайдың алғашқы сұрағы Сағынбекті әрі қуантып, әрі ұялтып тастады. Қуанғаны - басында анасынан бетер тосырқай қарайтын кішкентай Құралайдың мұның келген-келмегенін түйіп жүргені - сәбидің бұған немқұрайлы қарамайтыны деген сөз. Ұялғаны - кеше жиналыстан кеш шығып келе алмағаны.


- Аға, бізбен отырасыз ғой, үйде әжем жіберген алма бар! - деген Құралайды Әлия тыйып тастады:


- Аға үйіне барады, мамасы күтіп отыр ғой. Кейін келеді.


Құралай көңілсіз бұртиып қалды. Жігіт Әлияның ыңғайсызданып тұрғанын сезіп, есік алдында қош айтысты...


- Мама, Сағынбек аға біздің туысымыз ба? - деп, қайта-қайта сұраған Құралайға анасы жай «иә» дей салған. Қызын ұйықтатып, өзі ой үстінде отыр. Оның көз алдынан өз өмірінің өткелдері өтіп жатты.


...Онда Әлияның көкірегі күйікке толы еді. Аққұба өңінде мизамның аяқ шеніндегі алмадай албырап тұратын қызғылт шырай, құрық көрмеген құлындай дірілдеген балғын, бұла дене бәрі де бастан қапелімде көшкен бақытпен бірге кеткендей-тін. Жағы суалған, шымыр денесі де салбыраңқы. Мынау өсекшіл жұртқа қаншама сыр бермейін десе де, құдайым-ау, осындай тағдырға тап болған жалғыз мен емеспін, екінің бірі болмағанымен, опасыз жандардан қасірет шеккендер аз емес қой бұл өмірде деп өзін-өзі қанша жұбатса да, баяғы ақ жарқын мінез, анау қоңырқай көздердегі мына тіршілік-дүниеге деген құштарлық жалыны - әйтеуір, әлем де, адамдар да кіршіксіз пәктік деп ұғатын кешегі кезгі қадір-қасиет ұстатпай-ақ қойды. Адамдар тұрған бір зұлым, жасанды мінезбен, жасанды өмірмен күн кешетін тәрізді. Бұл жұрттың бәрі де шыншылдық, шындық, адал сезім, ақ көңіл дегендерден жұрдай бір мақұлықтар секілді. Бір адамның жалаң аяқтығы үшін неге мен басқалар туралы да осындай пікірдемін деп бір мезгіл опынатын. Сөйтетін де өзінен бір класс бұрын оқыған елдегі Айшаны еске алатын. Айшаның күйеуі Қайыржан - агроном. Екі баласы бар. Қайыржан - арақ ішсе, былапыт, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан берекесіз адам. Кәрі әке-шешесі, екі сәби, Айша - кешке Қайыржан сау келер ме екен, ішіп келер ме екен деп таңертеңнен үріккен қойдай үрпиісіп жүргендері. Тіпті алып-ұшқан алғашқы сезімінің күні өтті ғой дегеннің өзінде, балаларымның анасы, жар-жолдасым ғой деп сыйламайтын да тәрізді Айшаны.


- Ата-енемді қимаймын. Әрі балаларды қалай тірілей жетім етем, - деп жылайды Айша. Ал осының өзі өзін де, өмірін де алдау емей немене?.. Әлия Қайыржанды да, Айшаны да, ата-аналарын да жақсы біледі. Екеуі де тәрбиелі деген семьядан шыққан. Бір ауылда өсті. Бір мектептен бірдей тәрбие алды. Ауылдағы мүғалімдердің кейбірі әлі күнге артта қалған ғой. Балаға бағыныштысындай қарайды. Ол өсіп келе жатқан бір мемлекет-ау, өзінің ой-пікірі, әр нәрсе хақында өзіндік шешімі, көз-қарасы бар-ау деп ойламайды. Мұғалім не айтса, соған бас шұлғи беретін бір маубас болғанын әдептілік, қазақ табиғатындағы инабаттылық деп ұғынады. Бұлар оқыған мектепте Ғибатолла, Ақлима, Мәдина деген ағай-апайлар әлі бар. Ол кезде олар да жас болатын. Дәл қазіргі өзіндей жандар еді. Қыз бала мен ер бала бірге келе жатса, не киноға барса, ертеңіне қыздар советінің отырысын шақырып, түсініктеме алып, бүкіл мектеп қыздарының (төменгі 5-6 кластағылар да тыңдап отырады) алдында, әлгі қыз бір үлкен мемлекеттік қылмыс істегендей, жер-жебіріне жетіп, екіншілей кластас бала түгілі, өзінің ағасымен қатар жүрместей қылатын. Өзіңнің еш қылмыс жасамағаныңды айтсаң, не сабақта олар айтпаған, бірақ өзің (ретті жерінде) жауабыңды толықтырып айта қалсаң, жаратпай, «мүғалімнің айтпағанын айтып білгішсінуін, көрерміз емтиханда» деп сөз салмағын кейінге қалдыратын.


Міне, осындай мектепте оқыған бұлар оқу, жаз болса колхоз жұмысына көмектесу, болмаса кейбіреулердей «махаббатымыз мектептен басталған» дейтіндей қыз-бозбалалық хикаялардан аулақ өскен. Үшеуі де институтты қалада бітірді. Ол кезде Қайыржан да қой аузынан шөп алмайтындай көрінетін. Әлияның Төленге кездескені де үшінші курста. Қалада өскен, дүниетаным, өнер-ғылым саласында кіммен болса да тайталаса алатын, жүзіктің көзінен өтіп тұрған сымбатты жігіт он екіде бір гүлі ашылмаған қыз жанын бірден баурап алған. Ата-анасы да үлкен қызметтегі адамдар. Құрттайынан үлде мен бүлдеге оранып, қарағым-шырағыммен өскен Төлен бірбеткей, қайсар (Әлияның түсінігінде, осындай қасиеттерімен жігіт жігіт болмақ, әйтпесе, иі қанған терідей умашталып, ретті-ретсіз қалбалақтаған еркекте әйел табынардай не қадір-қасиет болады), өзін де, қасындағы жарын да ешкімге ренжіттірмейтін, сүйе де, сүйдіре алатын нағыз идеалдың өзі боп көрінген. Әлия институтын бітіріп, ауылға ата-ана жанына барып бір жыл қызмет еткенге дейінгі екі жылда да, өз алдарына отау тігіп (қаланың шет жағынан жалдап алған жалғыз бөлме - онда Төленнің аспирантураны жаңа бітірген, үй алуға әлі қолы жете қоймаған кезі - алтын сарайдан да ыстық еді-ау!) тұрған екі жыл да бұлардың бір-біріне деген таза да адал сезімдеріне кіршік түсіріп көрмеген. Бір-бірін қас-қабақ, әр қимылдан ұғысқан көңілдер қаз қалпында қала бермес пе еді, егер араға Зағипа түспесе... Алғашқыда Әлия түк те сезген емес. Бұрын жұмыстан жарқылдап, кішкене Құралайын көтергенше асық боп оралатын Төлен бірте-бірте сүлесоқтанып, жабырқаңқы ма әлде ызалы ма - әйтеуір, бір салқын, сызды қабақпен кештетіп келетінді шығарды. Әлияның назды, ерке қылықтарын көрмесе, көңілі орта боп отыратын Төленнің енді тіпті оның аяқ басысы, жүріс-тұрысына дейін жынына тиетін тәрізді.


- Папа! - деп аяғына оратылған Құралайға:


- Бар, мамаңа бар, - деп маңдайынан иіскеген болып, ысыра салатын. «Бала ғой, не біледі» деген қате ұғым екен-ау. Әке тарапынан бұрынғы мейірім, бұрынғы жылы алақан жоқ екенін Құралай да сезгендей, жаутаңдап қарайтыны болмаса, бұрынғыдай құлап-тұрып шықылықтап жүгірмейді. Әлденеге мазасызданып, шыр етіп жылап қалады. Мұндайда Төлен:


- Не боп қалды? Жұбатсаңшы! - деп тепсіне, жиіркенішті көзқараспен Әлияны атады. Сәбидің жылаған үні оның жанын ауыртқаннан емес, мазасын, өзімен-өзі боп жатқан тыныштығын бұзғандықтан екені сезіліп-ақ тұрады. Құралай да үнсіз кемсеңдеп, анасының бауырына тығылып үнсіз қалады. Мынау шулы дүрмегі мол өмірде сәби жанына түскен алғашқы сызат осы шығар. Ертең ол өскенде «әкесіз өскен», «бақытсыз», «әкесі тастап кеткен» деп көзіне болмаса да, көз тасалап айтатындар табылады ғой. Өмірге деген өксік, ыза осындайдан басталады екен-ау. Әлия осыны ойлайды. Зағипаның да бұрыннан қызы бар екенін біліп алған-ды. Төлен де сәбиін жетім етіп, бөтен біреуге әке болған абырой деп ойлай ма екен әлде. «Осылай істесем, мұным ерлік» деп ойлап жатпайды, әрине. Сонда көңіл, сезім дегендерің тұрақсыз, алдамшы бірдеңе болғаны ма? Ал ошақ-семья алдындағы, бала мен жар алдындағы парыз ше?


Сәттік сезімдерді ақылға, парасатқа салмай ма екен бұл адамдар. Әлде алғашқы лапылдаған құштарлық саябыр тартқан соң, басқа бір қызық іздей ме. Ендеше жер бетінде саналылығымен ғана ерекшеленетін адамзаттың басқа мақұлықтан айырмасы неде? Төлен Зағипаны бәрі-бір о баста Әлияны сүйгендей сүймейді. Зағипа сонда да бәріне риза. Әйтеуір, Төлен сол үйдің ері атанып жүрсе болды (Зағипаның өзі Әлияға солай деді). Сонда ол дәл өзіндей құрбысының тағдырына шімірікпей қалай қарайды? Зағипаның ата-анасы тәрбиелі адамдар болып есептеледі. Әкесі мұғалім, тіпті бір мектепті басқарады. Төленнің кім екенін, семьясы барын біледі. Сонда олар не ойлайды екен. Адам тағдыры біреулер үшін ойыншық тәрізді шығар, тегі. Егер Зағипа:


- Әйеліңнің көз жасын арқаламаймын. Әуре болма маған! - десе, Төленнің жүгіре бермейтіні анық. Жоқ, жоқ, Әлияның мұндай өмірге көне кетері де жоқ еді. Тіпті Зағипа сөйткен күннің өзінде де баяғы кіршіксіз сенім, адал сезім, сыйластық-қимастық қайта орала ма? Ал олар болмаған жерде қандай семья болмақ? Әйтеуір, күйеуі бар, баласының әкесі бар деген атақ үшін бе? Онда Айша секілді «басқа салса баспақшы» болып, бәріне де көніп жүре берсе ме. Жоқ, жыртылған көңіл бәрібір жамалмайды.


Бірақ осындайлар қайдан шығады? Ата-ананың бәрі де баласының бақытты болуын тілейді. Басқаның бақытын талқандайтын, «шайнағаныңнан жұтқаның жақын» деген принциптегі көрсеқызарлар аспаннан түспейді ғой. Ондайлар өз арамыздан - өзіміз өсіп-өнген ортадан қанататтанады. Сонда бұның себебі неде?


Әрбір ата-ана баласының жақсы болғанын қаламайды деймісіз. Адамның адамдық қасиеті оның қызмет бабы, атқаратын жұмысы, алатын жалақысымен өлшенбесе керек. Семьялы болу, адал жар, абзал әке, немесе ана болу - ең бірінші, мағыналы, табиғат заңы. Ендеше, әр ата-ана осы жайды, яғни ұлы мен қызының болашақ жаңа семьяның мүшелері екенін де естен шығармаса ғой. Егер баланың семьядан, ата-ана тәрбиесінен қанына сіңген адалдық, парасаттылығы болса, Төлен мен Зағипалар соншалықты тұрақсыз, ар алдында да, адам алдында да жауапсыз, жалтақ болар ма еді... Әлпештеп өсіріп, ұл-қызының болашағынан үміт күткен ата-ана тәрбиесінің жемісі осылардай болса, ол ата-ана ел бетіне тура қарап, «Менің балам адал, абзал жан» дей алар ма... Демек, балам жақсы болса деген жалаң тілектен тағылымды тәрбие шықпайды екен; біз баламызды тәрбиелеу процесінде Төлен мен Зағипалардың өсуіне жол беретін кемшіліктерді өзіміз жібереді екенбіз.


Баланың тәрбие алар екінші үйі - мектеп, екінші ата-анасы - мұғалімдер. Бірақ кейде сабақ үлгерім, кластан-класқа қалмау сияқты біржақты талаптар тәрбие негізі саналады да, баланың жеке қасиеті, мінез-құлқы, парасаттылық, тұрақтылығы екінші сатыда қаралады. Осы баладан қандай Адам өсіп келеді. Мүмкін озат жұмысшы, үлкен ғалым, өнер иесі болар ол болашақта. Ал сонымен қатар (тіпті ең алдымен десек те артық емес) оның адал жар, тәрбиелі ата-ана болуы тиіс екендігін мұғалімдер де естен шығармау қажеттілігі ескеріле бермейді-ау...


...Әлия Құралайын жетелеп кетіп бара жататын. Ойлы да салмақты жүзінен ерте келген байсалдылық сезілетін. Кішкене Құралай аузы тыным таппай ананы-мынаны сұрай береді. Өмірдің көп сұрағы Әлияның өзін де толғантып барады.


Мен журналдың тапсырмасымен Шевченко қаласында жүрген едім. Мұнай участоктарын аралап, түнделете оралған мен ертеңгісін кешірек тұрып жатқанымда, қонақ үй бөлмесінің есігі әдеппен, баяу тықылдады.


- Алматыдан келген тілші сіз боласыз ба?


Алдымда көзі кегілдір аспандай мөлдіреген қыз тұр.


- Сіз бір ғажап адам туралы жазсаңыз екен? Ол - дәрігер. Тамаша адам. Біз Украинадан көшіп келгенбіз.Әкем құрылысшы. Өзім Жетібай мұнай басқармасында оператормын. Біздің семьямызға ешкімнен көрмеген жақсылық жасады, үй алуға көмектесті, папам оқыс ауырғанда емдеді. Мен сізге бәрін айтып жеткізе алмаймын...


Төртінші микроаудандық поликлиникаға телефон соғып ем, Әлия Карамергенова деген дәрігер бар, бірақ қазір қабылдауында аурулар көп, жолыға алмайды деп жауап берді.


Екеуміз жұмыс аяғында поликлиникадан бірге шықтық. Аққұба өңді, қоңыр кездері ойлы, сұңғақ бойлы жас келіншек нәзік жанды адам екен.


- Біз осында тұрамыз, үйге кіре кетіңіз. Қонақ үйден жалыққан шығарсыз, үйдің шайын сағынған жоқсыз ба? - деп Әлия қоярда-қоймай жабысты.


Есік шылдырағанда арғы жағынан асыға басқан дыбыстар естілді де, артынша ұзын бойлы, қалың қабақты, бидай өңді жігіт пен бес жастар шамасындағы ақсары қыз бала қол ұстасқан күйде қатар тұра қалды. Бөтен адамды көріп, екеуі де әуелі тосырқағандай болып еді.


- Менің күйеуім Сағынбек, - деді Әлия маған. Өзі күлімдеп тұрды.





Пікір жазу