19.06.2021
  460


Автор: Фариза Оңғарсынова

Биші бақыты

...Қазақтың М. Әуезов атындағы Академиялық драма театры көрермендерге толы. Республикалық эстрада студиясын бітірушілер бүгін осында өнер көрсетпек, соңғы сыннан өтпек. Алдыңғы жақтағы ұзын стол жанында мемлекеттік комиссия мүшелері.


- «Мавритан биі». Орындайтын Гүлжан Талпақова! - деп хабарланды.


Мың бұралған қыз еркін билеп жүр. Сахнадағы сиқырлы би құдіретінің құшағына оранғандай көрермен жұрт тым-тырыс. Би аяқталған соң сахна сыртына шыққан Гүлжанның бірінші көргені аяулы ұстазы, осы биді қойған балетмейстер Элеонора Николаевна Грикурова болды. Жүзінде күлкі, көзінде жас. Қуаныш жасы.


- Жарайсың! - деп шәкіртінің бетінен сүйді. Балалар бақшасында жүріп би үйренген Гүлжан кейіннен Гурьевтегі мұнай өңдеу заводының Мәдениет Сарайы жанындағы балет үйірмесіне қатынасты. Би дегенде ішкен асын жерге қоятын болып алды.


- Қарағым, сен дәрігер бол. Папаң мені вальске де алып шығып көрген емес, сен қайдан биші боласың? - дейтін анасы Рәйләш әзіл-шыны аралас. 8-класты мақтау грамотасымен бітірген Гүлжан республикалық эстрада студиясына түсуді ойлады. Алдымен апайы Рабиғамен ақылдасты. Ең бастысы - анасын көндіру.


- Жарайды. Барам десең бар. Азар болса, Алматыдағы нағашыңның үйіне барып дем алып қайтарсың, - деді анасы біраздан кейін. Өнер шыңына бастайтын даңғыл жолдың алғашқы бұралаң соқпағы осылай басталды. Бидай өңді талдырмаш қыз көкірегіндегі арман қанатына отырып алғаш Алматыға жол тартты. Міне, содан бергі өткен екі жыл жеміссіз болған жоқ. Талантымен, еңбексүйгіштігімен мұғалімдеріне үміт күттірген жас қыз студияны үздік дипломмен бітіріп шықты


* * *


1968 жылғы 1тамыз. Болгарияның астанасы - София қаласында жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік IX фестивалі өтіп жатыр, 80 мыңнан астам жас Балқан тауының баурайын шат-шадыман думанға бөлеуде. Әр жастың аузында бір-ақ сөз. Ол - достық.


Біз, әр елдің жастары,


бейбітшіл өмірді аңсаймыз.


Біз, Қазақстаннан келген бір топ жастар, Софияның Кремиковски комбинатының жұмысшы-жастарында қонақта болып, енді қала орталығына асыға басып келеміз.


- Кеш қалып қоймасақ жарар еді, - дейді белгілі механизатор Гүлсара Қуандықова.


Бет алысымыз - Болгарияның Орталық клубы. Бүгін мұнда фестивальге келген дүние жүзі бишілерінің сайысы болмақ. Келсек, клуб іші халыққа лық толы екен. Бір-бір шоқ гүлімізді құшақтаған күйімізбен әр жерге орналастық,


- Қазақтың өнерлі қызына жанкүйер боламыз, - деп кремиковтық бір топ қыздар мен жігіттер де келген болатын. Олар да бөлініп-бөлініп бізбен қатар жайғасты. Әрине, дүниежүзілік сайысқа осалдар келмейтіні белгілі ғой. Сахнадан талай саңлақтар өтіп жатыр. Кенет, шымылдық ашылып, хабарлаушылардың:


- № 65. Сайысқа түсуші Гүлжан Талпақова. Профессионал. Қазақ Советтік Социалистік Республикасынан. Халық биі «Айжан қыз!» - дегенін естігенде, біздің жүрегіміз аузымыздан шығып кете жаздады. Себебі осында қатынасып отырған Қазақстан өкілдері Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртазаев, Сара Тыныштықұлова, Айгүл Қыдырбекова, тағы басқа көптеген азаматтар мынау дүние жүзі жастарының алдында бүгінгі өсіп-өркендеген қазақ халқының өнеріне сүйсініп, әрі шын ниетті жанкүйерлікпен толқып отырды. Қазақтың ұлт киімін киіп, құлпыра түскен Гүлжанның әдемі қимылы көрермендер көңіліне бірден жол тапқанын аңғару қиынға түспеді. Шынын айту керек, біз залдағылардың жүзіне ұрлана қарап қоямыз. Таңданғандық пен сүйсінгендікті көріп, қуана түсеміз. Көңілімізде жалғыз-ақ әттеген-ай отырды; «Айжан қыздың» ойнақы әуенін залдағылар ести алмады. Бұл әуенді ойнауға жіберілген квартет Москвада жюридің сынынан өтпей қалыпты. Енді өзбек жігітінің бубенде сүйемелдеуімен сахнаға шығуға тура келді. Би аяқталғанда жұрттың қол шапалақтауымен Гүлжан сахнаға қайта шықты.


Сахна сыртындағы есіктен бізге жолығуға шыққан Гүлжан журналистер мен фототілшілердің қоршауында қалып қойды. Әрқайсысы бірауыз сөзін естіп, бейнесін түсіріп алғанша асық. Қазақ сахарасының ерте көктемдегі қызғалдағындай көз тартады биші қыз. Біз құттықтауға, тіпті қолын қысып, бетінен сүюге мүмкіндігіміз болмаса да, сырттай мақтанып тұрмыз.


Ертеңінде Болгария жастарының орталық «Народна младеж» газеті Гүлжанның үлкен портретін басып шығарды. Біз үшін ең қиыны - сайыстың қорытындысын күткен күндер болды. Гүлжан да мазасыз толқу үстінде. Бірақ онысын сездірмеуге тырысады. Біздің әрқайсысымыздың көңілімізде де сәл-пәл кірбің бар-ды. Ол - биді сүйемелдейтін қазақтың ұлт-аспаптарының болмағандығы. Жюридің председателі, белгілі биші Устинова сайыс басталуға бір күн қалғанда Гүлжанды шақырып алды.


- Кеше Совет-венгер достығына арналған кеште сіздің билегеніңізді көрдім, - деді әйгілі биші, - өте тамаша! Бірақ халық биін эстрадалық аспаптармен сүйемелдеуге тіпті болмайды. Бұл сенің балыңды төмендетуі мүмкін (Гүлжанды Москва музыканттарының эстрадалық триосы сүйемелдеп келген). Қызым, неде болса, ұлттық аспап табу керек. Сенің өнеріңе сүйсінгеннен жаным ашып айтып отырмын.


Енді не істеу керек? Өзбек жігіті, «Бахор» ансамблінің солисі бубенші Әділге баруға тура келді. Ол қолынан келген көмегін аяған жоқ, бубенде сүйемелдеді.


Ақыры үш күн өткенде сайыс қорытындысы да шықты-ау.


- Қазақ Советтік Социалистік Республикасының бишісі Гүлжан Талпақоваға халық биі «Айжан қызды» орындағаны үшін Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік IX фестивалінің лауреаты атағы және күміс медаль қоса тапсырылады.


Жюри председателінің осы лебізін естігенде, біз қатты қуаныстық. Шет жерде жүргенде өз еліңе, Отаныңа деген сүйіспеншілігіңнің шексіз екенін сезіне түседі екенсің...


- Бұл атақ маған емес, - менің ұстаздарыма, қазақ халқының бүгінгі өнеріне берілген атақ. Бұл Шара, Гүлжаһан секілді апайларымның еңбегі, - деп қызара күлімсіреді Гүлжан.


Кейін екеуміз оңаша қалғанда ол өзінің туған жері Атырау өңірін, күміс толқынды Ақ Жайықты, туысқандарын еске алып отырды. Мен одан болашақтағы жоспарын айтуды өтіндім. Бұл менің белгілі журналистерге еліктеуімнен ғой деймін.


- Жоспар туралы ойлауға да мұрша болмай жатыр ғой, - деп күлді ол. - Қазір репертуарымда Қазақ поэмасы, «Мавритан биі», «Бұхар биі», «Былқылдақ», «Айжан қыз» - міне, осылар ғана. Африка, Араб, Үнді халықтарының билерін үйрену үстіндемін.


Гүлжан сөз арасында өзінің киноны да ұнататынын айтып отырды. Ертеңінде Болгария киностудиясы Гүлжанды белгілі совет киноактері Олег Табаковпен бірге киножурналға түсіруге алып кетті.


«Айжан қыз» әуеніндей сүйкімді, осынау қарапайым қазақ қызының сол бір әсем бейнесі менің көкірегімде ұялап қалыпты. Сол бейне көз алдыма келе қалса, ылғи да алыс қиялдарға, арман биіктеріне самғап бара жатқандай көрінеді маған.





Пікір жазу