Теңіз бала
Демалысқа барғалы
Әкесі мен анасы
Жиналғанда, қалмады
Жекен деген баласы:
Мен де бірге барайын,
Қорықпаймын у-шудан,
Қолқанатың болайын
Көгершіндей ұшырған.
Деді әкем – Таулар бар,
Шықсаң басың айналар,
Онда теңіз, жарлар бар,
Табан тисе тайғанар
– Тауға барсаң бір барам,
Тайсалмайтын таудан да,
Толқындары тулаған
Тайсалмаймын судан да, –
Дегеннен соң, ұлының
Көңілін қимай әкесі:
– Жүре ғой, – деп, – құлыным!
Ертіп ұшты еркесін.
Самолеті бұлт жарып,
Сапырды аспан алаңын.
Деді бала шаттанып:
– «Міне, болдым – Гагарин!»
Таулардан кеп асқанда
Көтеріп көк шатырын,
Гагарин өстіп ұшқан ба?! –
Деді, күліп батырың.
Келген жері бұлардың
Таулы сұлу Гагра,
Қара теңіз – міне айдын
Жатыр ұрып жарына.
– Кек пенен көк теңізді
Қара дейді неге адам?
– Аты ғой оның негізгі,
Не керек саған ол, балам?
Аққыз – бала анасы,
Аздап жүзу білетін.
Жүзуді оған баласы
Үйретші деп жүретін
Таутан айтып түсірді
Суға үйрен деп Жекенін,
Су білмейтін кісіге
Су қауіпті екенін
Бала алғаш дір етті,
Судан шошып қымсынып,
Денесін тез үйретті
Судың сырын түсініп
– Жүз – деп әке балаға,
Ұқтырды су құдіретін
Сушыл кісі – шағала
Сайрандаған су бетін
Үйреніп ап баланың
Судан келмей шыққысы,
Судың ұнап қалғанын
Ата-ананың ұқты іші
Таутан бірде дүкеннен
Резеңке дөңгелек
Сатып әкеп, бітірген
Ісі болды ең керек
Машинаның балоны
Секілді сол дөңгелек,
Кеудеге ілсе – баланы
Жүздіріп ап жөнелед
Аптадан соң Жекенің
Дөңгелекті тастады,
Ұғып судың не екенін
Өзі жүзе бастады
Сонсоң теңіз төсінде
Жүзді жатып, тұрып та.
Таңертеңі, кеші де
Айналды осы ғұрыпқа.
Сүңгіп шығып теңізге,
Жүзді бірде шалқалап,
Құлаштады кей кезде
Көк толқынды арқалап…
Матросша киініп,
Мініп кейде қайыққа,
Шағаладай шүйіліп,
Жүзді құлаш жайып та.
Жүзу білген баланың
Ұнаттым мен өнерін.
Дейді: – Өскен соң боламын
Капитаны кеменің.