Сайлау күнгі қуаныш
Бар жүректің бірдей соғып тынысы.
Бар қуаныш құйылғандай бір көлге.
Бар өмірдің зырыл қағып жүрісі,
Барлық бақыт жиналғандай бір жерге.
Алматыда шаттық хабар тарады:
Қанат берді әр адамның жанына,
Екеу-екеу әне кетіп барады,
Айтып барады — досына да, жарына.
Ана айтады баласына мақтанып:
«Бірінші боп мен барамын бәріңнен!»
Әлдеқалай мен озар деп сақтанып,
Атаң - дағы ерте кетпек сәріден.
Тыңдап тұрған баласы да күледі,
Қызғанышын анасынан жасырып,
«Кім озарын сайлау күні біледі,
Мүмкін сізден мен кетермін асырып!»
Осылайша әрбір үйде бұл хабар
Қуаныштың жұлдызы боп жанады:
Осылайша, үлкен, кіші балалар
Күнді ұзатып, таңды қарсы алады.
«Мен бірінші дауыс берем»,— дейді ұлы,
«Жоқ мен бұрын барам»,— дейді анасы,
Осылайша сайлаушылар әр күні,
Осылайша Алматының қаласы.