Құлпыра берші, кең дала,
Құлпыра берші, кен, дала,
Гүліңді күнде терейін!
Жапырағыңмен жасыршы,
Қойныңа мен енейін!
Жасауыңды жайнатып,
Алдыма тегіс үйейін,
Нәрестедей балдырған,
Қуанып сақ-сақ күлейін.
Құлпыра берші, кең дала,
Қызығып күнде қарайын!
Махаббат, шаттық бәрін де
Бір өзіңнен табайын.
Гүліңді құшып күн сайын,
Кең бақшаңда жүрейін,
Қанбағандай құмарым
Тағы да сақ-сақ күлейін.
* * *
Ми шіркін, адамзатқа алтын сарай,
Ескісі, ертегісі не деген бай,
Дақ түспей бәрі орнында сақталады,
Көргенің, естігенің, талай-талай.
Ми жомарт, менің - дағы жан серігім,
Ақтарып көптен бергі жиған жүгін.
Досына ауыр күнді ескертпек боп,
Маңызды бір әңгіме айтты бүгін.
* * *
Арманы көп,
Айтары жоқ
Кейбір жан.
Өзі «мен» деп,
Елді «кем» деп
Кеуде ұрған.
Нығыз басқан,
Көптен қашқан
Кәрі паң.
Оған бар — жоқ,
Бетінде ар жоқ
Антұрған.