16.06.2021
  210


Автор: Жұмағали Саин

Түн мен күн

Кеш болып, түн тұнжырап күн батқанда,
Шешініп төсегімде мен жатқанда,
Ай ғана босағаға төгіп нұрын,
Тынымсыз байғыз сорлы зар қаққанда.
Сол түні басқан елді нұрсыз сәуле,
Қайғыңның төсегінде жылап Зәуре,
Неткен түн, неткен дала, неткен заман?
Тас қамау, тар тұсауда адам әуре.
Аһ, ұрып мен секілді талай бала,
Телміріп туған айға көзін сала,
Сабырсыз таң күткендей миллион - мыңдар,
Еткендей айды ана, күнді пана.
Қобыз бен домбыралар түнде сарнап,
Булығып қыл қылқынып жатқан зарлап,
Ыңыранып бебеу қаққан ұытты үні
Еңіретіп егілтетін мені де арбап.
Көз бұлау, көңіл қапа, жаралы жан,
Ұйқысыз, өмір өңсіз кетті шыдам,
«Арбаусыз алтын бақыт алдыма кеп,
Өшпейтін маған қашан атады таң?..»
Дейтінмін құлағымда қылдың күйі,
Күрсініп кеуде керіп жиі-жиі,
Ер жастық, сыз босаға, сары уайым
Еншіме маған түннің тартқан сыйы.
II
...Күн батты, түн көрпесін бүркеп дала,
Тыныштық мезгіл туды сахараға.
Сырлы өзен, сұлу гүлді жапырақтар,
Құрметпен бас игендей маған ғана.
— Айы — айна, өзен — алқа жерге таққан,
Жер сұлу, су шолпысын сылдыратқан,
Бай мәнер тоқсан түрлі бояуға алып,
Киімін қай шеберге нақыштатқан?
Десе де көз құмартқан, көңіл ояу,
Аспанның аясына барып таяу.
Көрер ең түрленгенін табиғаттың
Мың түрлі дүниеге шашсам бояу.
Бұл өңім. Үй ішінде жарық сәуле,
Қасымда қарындасым отыр Зәуре.
Алтын ай иек артып тереземе
Көз тікті көремін деп болып әуре.
Бір кезде қарындасым ұшып тұрып,
Пердесін терезенің қойды сырып,
Бір қызық оқиғаны еске алғандай
Жымиып айға қарап тұрды күліп.
Бір тұйық елге жұмбақ сырды ашқалы,
Тұңғиық өткен күнге ой тастады,
Ай тыңдап аспандағы тұрғандай - ақ
Салмақпен ол былайша сөз бастады:
«Ай сұлу, телміресің неге маған,
Таңсық па, тамаша ма, саған адам?
Көр міне, үй ішінде отты жұлдыз,
Өшпес нұр, сөнбес жарық мәңгі орнаған».
Сырласым аспандағы алтын табақ,
Бір кезде жас төккемін саған қарап,
Міне мен еркіндіктің ерке жаны,
Өмір гүл, алтын айдар, күміс сағақ.
Түн емес, түнім де күн, көңілді аспан,
Қайғысыз елім шаттық әнге басқан.
Өрбіген, өркендеген, өмір әсем
Далаға хош иісті букет шашқан.





Пікір жазу