16.06.2021
  155


Автор: Жұмағали Саин

Біздің майдан

Социалистік өмірді,
Жырлағанда жыр қылып,
Сырлағанда сыр қылып,
Бүлкілдесін көмекей.
Дауысқа - дауыс қосылып.
Сөз құйындай есіліп,
Тіл күрмелмей шешіліп,
Басылсын баптап бөлектей.
Ұласқан ұлы ағында,
Гүлденген өмір шағында,
Сан жаңалық табында,
Миллион білек бабында,
Миллион адам сабында,
Тап дауысы саңқылда,
Дабылда жыр, дабылдап
Майдан десе лепіріп,
Екпіндеп көкке секіріп,
Толқындай тулайды жүрегім.
Майданға қалам жорғалап,
Қағазға сия сорғалап,
Бүлкілдейді білегім.
Майданда бізге не табыс?
Майданнан қандай олжа алыс?
Майданда кімдер белсенді?
Майданға көзді қадаған,
Майданды сонша балаған,
Олжа не алар ертеңгі?
Майдан не? Қан ба, атыс па?
Майдан — не ұрыс, шабыс па?
Майданға кімдер барады?
Майдан, майдан, майдан деп,
Майданға тегіс сайлан деп,
Кімдер ұран салады?
Социалдық өмір ол,
Ызылдаған доңғалақ,
Ол бір тынбай доңғалап,
Еңбектің балы сорғалап,
Үдеген күшті екпіні.
Мың-мың оған мың жүрек,
Бәріне де бір тілек,
Көктен күндей күркіреп,
Қол ұстасып жымдасып,
Күшейген күшті сектірі.
Тұтанып отша шашылып,
Майданда жарыс ашылып,
Жарыстан - жарыс туады.
Ерегісіп, егесіп.
Бәрі бірден е, десіп,
Істеуге істе еңсеріп,
Кірісуге белсеніп,
Бірін-бірі қуады.
Қайратқа қайрат жалғасып,
Мен озам деп арбасып,
Заводта «цех»- қа бөледі.
Айлық істі аптады,
Заводта да шахтада.
Қыздырған қызу іспенен,
Өндіреді, өнеді.
Бойында жігер, жүрегі от,
Ұрса еңбекті шығып шоқ,
Темірді - темір шайнайды.
Зырылдаса доңғалақ.
Доңғалақпен доңғалап,
Білегі бірге ойнайды.
Жаны да, тәні өндіріс,
Сүйгені осы қызу іс,
Орындау сертін арманы.
Жердің астын қуыстап,
Қолмен балшық уыстап,
Түсті металл қазғаны.
Бес жылдық оның жүрегі.
«4» те орындау тілегі,
Бірді бірге қудырып,
Іске қарқын тудырып,
Орындаймыз, біз «5» ті.
Зиянкеске, ЕгестіКүшейтеміз дегенде.
Сом темірді бұйырып,
Ойнайды күшті білегі.
Қарсақпай,
Риддер,
Степняк,
Қарағанды
Кендері —
Миллион,
Миллион
Жүз,
Жүз мың —
Береді, берді өнімді.
Іске,
Істеуге,
Машина,
Қозғауға.
Оған
Жағуға, Шығарды,
Сыртқа —
Сан жетпес,
Алтын,
Күміс,
Қорғасын,
Шойын,
Темір,
Металлмен,
Қымбатты тас көмірді.
Карта, арақшыл, маскүнем,
Өндіріске қаскүнем,
Содырлығы сорғызбай,
Алыстайды арадан.
«Оңшыл»,
«Солшыл»,
«Ырымшыл»
«Оппортуншыл» бәрін де,
Жүргізбейді панадан.
Екпінді ұлы қайратпен,
Істеумен істі айбатпен,
Жауға жауап беретін,
Қажымас, қайтпас жүрекпен,
Үшті аттап төртке енетін
Көсемім —
Ленин.
Партия
Сенімді.
Күшті —
Жұмыскер.
Қопарам жерді тілемін,
Тракторды ат қып мінемін,
Біздерде сертті жоспар бар,
Жер тамырын суырып,
Жер апшысын қуырып,
Жердің бетін қаралап,
Тілемін мен саралап,
Күн жаз болды кетті қар.
Білімнің айтқан жолымен,
Сілтеген соның жөнімен,
Егінді
Өңдеп
Егуге.
Мен де бүгін жарыста,
Бәйгеде, ұлы шабыста,
Артылған —
Міндет,
Ұлы істі
Уақытынан бұрын.
Орындап,
Компартия —
Көсемге —
Жалыңды рапорт
Беруге.
Мен де, мен де біргемін.
Саған жақын іргемін,
Әкел, досым, қолыңды?!
Колхоз,
Совхоз —
Біздің ат.
Екпіндет істі,
Болсын сәт.
Біздің еңбек өнімді.
Біздің жол даңғыл сара жол,
Тегісшілдік — теңдік ол,
Атқан біздің таңымыз;
Бар майданда жеңеміз,
Оған да сертті береміз,
Социалдық жол үшін
Шықса - дағы жанымыз.
Бүгін майдың күні ғой,
Естілген еңбек үні ғой,
Жүр, досым, бірге барайық.
Колхоз
Совхоз
Бірлескен.
Тілек
Бір дескен
Туды қолға алайық!
Мың —
Мың —
Гектар егілген,
Күні кеше себілген
Еңбектің ұлы —
Жемісін,
Жетістігін,
Кемісін
Ортаға біз де салайық!
Жүрек те бір, тілек бір,
Кел, бауырым, шапшаң жүр,
Бірге біздің жолымыз,
Мә
Сен де,
Бер қолыңды. –
Ұстадық
Мықты,
Ұстадық
Айқасты қолмен қолымыз.
Компартия
Комсомол,
Колхоз,
Совхоз,
Жұмыскер,
Біз бір адам
Бір кісі.
Жүрегі бір, қаны бір,
Тұншыққанда зарығып,
Отырғанда тарығып,
Бірге атқан бір күн,
Таңды бір.
Қосылдық,
Бүгін —
Тұс-тұстан,
Түп-түгел міне бәріміз.
Біздің тілек,
Біздің күш,
Біздің білек,
Біздің іс,
Бес жылдықты төрт жылда
Орындаудың жолында,
Біздің — жан мен тәніміз.
Майдан — оқу, өнерге,
Майдан — түнді теберге,
Сауатын ашып наданның.
Жалпыға нұр себуге.
Майдан қызу еңбекке,
Тәтті жеміс еңбекте,
Майдан — екпін майданы,
Майдан — бүгін «май»- дағы
«5» ті, «4» те бұлжытпай,
Орындауға, бермекке.
Майдан — байды шабуға,
Майданда олжа табуға,
Ескі салтты күл қылып,
Күйдіруге, жағуға,
Майдан барлық!
Өндіріс —
Шойын жолда,
Заводта,
Олқылықтың себебін
Іздеуге, шапшаң табуға!
Екпінділік,
Жарысы,
Қызу іс,
Үдесін үсті-үстіне!
Социалдық тұрмысқа,
Бір кідірмей баруға!..





Пікір жазу