16.06.2021
  171


Автор: Жұмағали Саин

Ақ алмастай жарқылда

(Ақындарға)

Тасыған тасқын тасқанда,
Асқар белден асқанда.
Асқар белден асқанда,
«Абылай аспас асудың»
Төбесін таптап басқанда.
Тасқындай ұлы күреспен
Еңбекші көзін ашқанда,
Күл көмірде күн болған,
Езіліп байда күн, болған.
«Өмірдің құлы» құл мен күң,
Тасыған тасқын күйіне,
Шырқыратып даусын қосқанда
Бұрын «өлік» қазір ел.
Тіріліп тірлік қылғанда,
Масайрап орман, қыр мен бел,
Қызуда төсті ұрғанда,
Жабыла жаппай аттанып,
Ұлы іске бет бұрғанда,
Бірлігі берік кең үміт,
Колхозын елім құрғанда,
Ұлы күшке шыдамай,
Жау әлсіреп тұрғанда,
Дауыс қосып жырламай,
Өмірдің сырын сырламай,
Тілдің майын ағызбай,
Енбектің балын тамызбай,
Қу малтасын күнде езген,
Құр мылжың ақын — ақын ба?
Ақын болсаң алғыр бол!
Сайрап жатқан әне жол,
Әне майдан, әне топ!
Әне дүбір, әне көп!
Сайрағыш болсаң сандалмай,
Кәне жұрттан бұрын көр!
Сыршыл ақын, сырлы ақын!
Түршіл ақын, түрлі ақын!
Қысқасы, сегіз қырлы ақын!
Құлпыр, қозғал, жырла, ақын,
Жырлай алмай жал тапқан,
Не пайда ондай жалтақтан.
Тап ақыны, тартынба,
Бұл екпінді қарқында.
Сөз кезегі келгенде,
Ақ алмастай жарқылда!
Күнде жаңа түр тауып,
Ақ иықтай саңқылда
Ағыта сөйле, күй күйле!
Үдей сал, үде алқынба!
Артта қалма, алға ұмтыл,
Ілес ұлы қарқынға!





Пікір жазу