16.06.2021
170
Тазаланған төре
Таң да атты, күннің көзі күлімдеп,
Жердің жүзін оятатын нұрым деп,
Шашқанда нұр, сайрағанда бұлбұлы,
Еңбекші жас менің сүйер ұлым деп.
Жастығынан барлық халық бас алды,
Бетін жуып алдарына ас алды.
Күрсінді де бір жуантық алтын тіс,
Кемсеңдеді шын көзінен жас алды.
Жасын төгіп құдайына жалынды,
Алғаның ба шыныменен бағымды,
Үйтіп, бүйтіп тесік тауып ертеде,
Большевикке кісі боп ем жағымды.
Енді міне шықты қуып орнымнан,
Талпынсам да түк өнбейді қолымнан.
Бой таса ғып басқа жаққа барсам да,
Қудалайды, тани ма әлде тонымнан.