16.06.2021
  2616


Автор: Самат Есмағамбетов

Балама туған күнге тілек

Құтты болсын балам туған күнің,

Кіндігіңді кесіп ап,

Жібек жіппен буған күн.

Шілдехана суымен

Алғаш рет жуған күн.

Орап алып жөргекке,

Ақ сүтін асыл ананың,

Емірене емген күн.

Әкең келіп төбеңнен

Тебірене төнген күн.

Қуанғаннан ел-жұртың

Көрімдігін берген күн.

«Кімге тартты екен?» деп

Бетіңді ашып берген күн.

Туған күнің жыл сайын

Жүз жыл бойы тойлансын.

Өсіп үрім-бұтағың,

Арманыңа жете бер,

Өмір шексіз көк теңіз,

Тоқтамастан кеше бер.




Пікір жазу