16.06.2021
  289


Автор: Зылиха Жантасова

СЕНІМІМ ЖЫЛАП ҚАЛДЫ

Шымкент келбеті №1(1123) 6 қаңтар 2012 жыл



       Ол өңірде мұны сағына күтер ешкім қалмаса да, сағынышы сарқылар емес. Шиыр-шиыр тағдыр жолы ширығып, естеліктері ескірсе де көңіл-күйіне әлдебір сезімі көнерер емес. Иесі жок сезімдерінің киесі бардай көрінген. Жетімсіреген желмен бе, ағысы тұнық баяу өзенмен бе, тұлдырлау жадау таумен бе, туыстығы бардай сезінеді.
       Психолог жүзіне барлай қарап:
       — Әу бастан-ақ ғарыштық әлеммен байланысың бар. «Төбесі тесік» дегенді естуің бар ма? Біздің қазақ та тапқыр халық қой, шіркін. Иә, төбең тесік. Аспаннан ағылып ақпараттар келеді. Келген ақпараттарды ұстай алмай, яғни өз каналыңды таппай, сенделіп жүрсің. Сондықтан әуедегіні ұстай алмай алаң ғұмыр кешудесің, —деп болжам айтқан.
       Ол да «дұрыс шығар» деген сенгіштігіне салып. Кей жандар аспаннан төгіліп өлең келеді деп - жатады ғой. Бұлыңғырлау әрі түсініксіздеу жазатынымның себебі де сол шығар деп қамығьп қалған.
       Мейлі, аспаннан келмесе, жердегіні де жазып тауыссайшы, кұлыным, — дейтін анасы қамқор үнмен. Алайда, жербауыр ойлардан жеритін кездері де аз емес. Аспаңдап кетіп асқақ ойлар айтқысы келеді-ақ. Бірақ, адасып қала береді, иә ойдан адасып қала береді.
       Балалығының бал дәуренінде биікке құмар болатын. Ауыл шетіндегі жотаға шықса, ойлары да жоталанып кеткендей жыр жазатын. Таудың биік шыңына шыққан сәтте тіптен қанаттанып кеткендей күй кешкен. Тау ауасы құбылмалы. Кенет аспанның тас- талқаны шығып, жарқылдап найзағай ойнаған. Аспанның ала көзіндей сол аласапыран сәт жадында сақталып қалды. Асқақ рухын жермен-жексен еткендей. Қорыққанынан тасты құшақтап жата кеткен. Бауыры сыз сол тауға бауыр басьп қалғандай.
       «Туған жерге барайықшы! - деген құрбысы Жәудір, — Ата- анама құран бағыштап, құлпытас қоймақшымьн». Жәудірдің ниетін құптап, тез жинала бастады.
       Қабір басында жылауға болмайтынын ескертсе де, Жәудір солығын баса алмастан егілді. Оның кеудесін кеулеген қайғы- мұңның салмағы иығын селкілдетіп бара жатқандай. Жан дүниесіндегі булығысты ту сыртынан сезіп отыр. Отыз екі жасында дүниеден өткен ана бейнесі құлпытастан мөлдірей қарайтындай. Ағарыңқыраған шашын орамалына жасыра, өзінен де жас көрінер ана суретінен қысылатындай. Өмір бойы таба алмаған мейірімі сол төмпешікте екенін ұғынғандай бейітке жаутаңдай қарайды. «Бір кезде марқұм анасы да перзенттерін қимай, қарайлай- қарайлай о дүниелік болған шығар» — деген ой мазалады.
       Балалық шағының бір сәті естеліктер тілінде сөйледі. Жәудірдің үйіне барып сабаққа дайындалған. Қарны ашқасын, тамақ пісірмек болған Жәудір қолын күйдіріп алып, жылап қалған. Бұл да әлденеден қорыққандай қосыла жылаған.
       — Анаң жұмыста ма? Мұның сұрағын естімегендей Жәудір аңырап тұра берген. Кешке анасынан Жәудірдің анасьның бақилық екенін естігенде, жанын үрей билеген. Иә, Жәудір талай рет қолын ғана емес, жанын күйдіріп алған болар. Сол кезде қасынан мейірім таба алмай, шырқыраған сәттері де аз емес шығар. Анау булығыс жан тебірінісінің томаға- тұйық сырларының бір сәттік көрінісі іспетті.
       Қонақасын өткеріп, ертең құран бағышталмақ. Жалғыз өзі өзенге аяңдады. Балалық шағында талай кешкен ерке өзен де булығып ағып жатқандай сезілді. Тентектігін жоғалтып алғандай, байсалды бола қалыпты. Балалығы да әр жотаның түбінде тығылып қалып, көрінуге ұялатындай. Ауыл шетіндегі қызыл шатырлы үй көзіне ыстық көрінді. Көңіл төрінде орнап қалған сүйікті ұстазының үйі. Ұстазына деген сағыныш сол үйге еріксіз жетелеп барады. Салқын қарсы алған ұстазы жүзіне барлай қарап:
       — Өзгере қоймапсың? — деді әлденеге көңілі толмағандай.
       Жайқалған бақтың ішінде жабырқау сыр шертісті. Жалғыз ұлы Асқары өзге дінге еніп кеткенін, басқа қалада тұрып жатқанын, өзі кемпірі екеуі зейнеткерлікте екенін тілге тиек етті. Қайғырғанын да, күйзелісін де көре алмадым. Кінәлағаны да, жазғырғаны да дауысынан байқалмайды. Бізді адалдыққа, тазалыққа тәрбиелеген ұстазымыз отбасы тәрбиесінде неге қауқарсыз? Ақылды да сабырлы ұстаз өз баласының қателігіне қалай жол берді? Оймен әлек болған жүзіме қарап жұбатқандай.
       — Білесің бе, ол дін де жаман емес екен. Біз өзіміз ғой әншейін шошып жүрген. Білместік, діни сауатсыздық қой бізді шошындыра беретін. Әйтпесе, ол дін де өтірік айтпауға, алдамауға үйретеді екен. Иә, жаман дін емес. Үрейленгем. Үрей ғой бізді құртатын. Қазір үйрендім.
       Ұстазым ақталып жатыр ма? Жок, ақталаудан гөрі, уағызға көбірек ұқсайтындай. Құрметтеу сезімім аянышқа ұласып бара жатты. Көше көшені кезіп, уағыз айтып жүрген қала көрінісі көз алдыма келді. Жабырқау түрде жалт бұрылдым. Тезірек кетуге асықтым.
       Келе жатып, асқақ тауға аңыра қарадым. Жалғыз тауым міз бағар емес. Ұстазыма сәлем беріп, құранға шақырып келгенімді Жәудірге көңілсіздеу жеткіздім. Досымның жүзінен де ағайға деген құрмет сезілмей қалмады. Құранға ұстазымыз келмеді. Оның төрдегі орны үңірейіп тұрғандай. Шапан жабам деп әбігер болған Жәудірдің шапаны мен бөркі егесін таппай қалды.
       — Ауырып калған ба? — дейді маған сұраулы жүзбен.
       — Иә, ауырып жүр екен, — деймін күмілжіп. Кеудемдегі бір әдемі естелігіме сызат түсті.
       Сезімге сызат түссе, кінәмшіл күй кешеді. Бала кезден бойыма сіңген сезімім жылап қалды. Қалай жұбатарымды білмеймін.


Зылиха ЖАНТАСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент.





Пікір жазу