16.06.2021
  451


Автор: Зылиха Жантасова

ҚИЯЛИ

 Жатақхана фойесіндегі теледидардан сән үлгілерін тамашалап тұрғанымда, әлгі үлгілерден үйлесімсіздікті аңғарған оның «Мыналар рухани аш қой, соны толтырмаққа әрекет етуде»,- деп сыбырлай үн қатып, қарқылдап күлуі естелік пен есерліктің арасын жалғастырып жатқандай.
       Құлағы қалқандау, жүдеу өңді жанға назар аударғанымда, ел қойған «Қияли » атын еріксіз қайталағанымды аңғардым.Көзге қораштау кейпі көңілге қонымды сөздермен ұяла үйлесіп, кейде кірісе алмай жататын жанның өлеңдерінің мағанасы терең , ұйқасы сәтті болғанымен,өмірі ұйқассыз жолдардан құралғандай әсердемін. Ел «Қияли » деген атты жек көріп емес, бір түрлі аяп, аңқау аңғалдығын бағалап еншілегендей.Бірде жанынан өткен бір баланы шақырып алып, құмырсқаның илеуін көрсетіп,«Әне ,құмырсқаларда ешқандай формация жоқ. Әркім өзінше еңбек етеді»,- деп шабыттана сөйлегенін көргендер «Қияли» атап кеткен деседі.
       Құлағы тосаңси бастаса да, дүрбелең дүние дүбірінен қағыс қалмайтан, жүргені жүгіргені сияқты шапқыласа да, ойлағаны алдырмағаны мүжілген жүзінен хабар береді.оның «Қияли » лақабын иеленуіне де өз үлесін қосқан болар. Мұң арқаласа да тобасынан танбайтын табиғаты талайлардың сабыр кесесін толтырып үмітін үзіп, қайрылмай кетуін себепшідей.Оның әрекеті ешкімнің назары түспейтін менің кішкене ауылыма ұқсайды. Тасада қалған тірлігінің туы жығылмай келе жатқаны да үмітсіз қайсарлығынан еді.
       Сені іздеп келемін. Бәлкім, тас қабырға, сыз тартқан бөлмеңде сәтті өлең жолдарын төгілте тербетіп, шабыттанған күйде жыр жазып отарған шығарсың.Қалам құдіретімен нұрланып, жыр-сезімге бөленіп отырған сәтіңді көрермін деген үмтім ақтала қоймайды.Есікті қаққанымда көрші әйел есігін ашып,маған барлай қарап алды да :
       - Ол шатырда ғой деймін, - деп дауыстады.
       - Онда не бар? – дедім таңырқап.
       - Қияли ғой, - деп бұрылып кетті.
       Шатырда жалғыздан жалғыз терең ойға шомып отырсың. Келгеніме қуанып қалғаныңды жұқа өңің жасырып үлгермеді.Таңырқағанымды жүзімнен оқып алдың да: - Бұл менің шыққан биігім ғой.Жеткен ұшпағым. Содан соң, ұлы ойлар биікте туылады ғой.Аллаға жақындағым келеді. Ал, адамдардан алыстап бара жатқан сияқтымын...
       Жанарың өткірлене қарағанда, ойыма: «Жүдеу өңіңде бояуын оңдырмай сақтаған тек көзі ғана екен», - деп ойлап үлгердім.
       - Ау, сен отырсаңшы. Отыр... Жалғыздықпен күн сайын арпалысып, тырмысып тірлік кешу де оңай емес. Бүгінгі мыңдаған жалғыздардың ерлігін де, мұңын да қайталап келемін. Сен де сол мыңдардың бірісің ғой. Негізі біз көппіз. Жалғыздарды айтам.
       Қолын сермеп сөйлеп тұр. Жанына жақын келіп, тізе бүктім. Жадырамақ болған жалқы сәтінен жаңылысып, мұңая қалды.
       - Көңілім жабырқаған сәтте шатырды отырып, Күн батқан сәттегі Шолпан жұлдызын тамашалаймын. Шолпан ғаламшары жөніндегі аңызды айтып берейін. Бәлкім, білетін де шығарсың. Шолпан ғаламшары жөніндегі аңызда емші қыз бейнесі суреттеледі. Ол мейлінше сұлу, өте ақылды болғандықтан, өзіне қызыққан жігіттерден аулақ жүреді. Тек ауру-сырқауларды емдеп жазып, олардың алғысын алуға тырысады. Оған енді сөз айтатын жігіттер де көбейе түседі.Арты дау-дамайға айналады. Ел арасында іріткі тау бастайды. Мұның бәрі өзінің ақылдылығы мен сұлулығынан шығып отырғанын сезген қыз елден алысқа кетіп, халқына сол жерден нұрын шашпақ болады, Сөйтіп, таң қылаң бере ол аспанға ұшып шығып, жарқыраған әдемі таң жұлдызына айналады. Шолпан жұлдызы таң алдында көрінгені оның - қуанышты күні, ал күн батқан соң батыс тұстан көрінгені – қыздың мұңайғаны дейді. Мұң басқан сәттерімде Шолпан жұлдызының күн батқандағы мұңайысына ортақтасамын.
       Аспан әлеміне жанарыңды қадай тұрып, менен алыстап бара жатқаныңды ұқтым. Бір кезде бала күлкіңмен шатырды шаттыққа толтыратындай күліп алдың.
       - Кішкене кезімізде аспан әлемін бала көңілмен еркін иемденетінбіз. Барлығы жарқыраған жұлдыздарға таласып, даурығысып жатса, мен ешкімнің көзі түсе бермейтін, елеусіз жарығы аздау жұлдызды иемденетінмін. Жанымдағыларға көрсеткен болып қанша ұмтылсам да, олар таппай қиналатын. Өмірім де дәл сол жұлдыздай көмескі, жарығым жанымдағыларды нұрландыруға әлсіз. Әр адам бір жұмбақ жұлдыз ғой.
       Есіме ауылдағы Жақсылық атты қария оралды. Перзент көрмеген басы өз тағдырына баладай елпілдеп күн кешті. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын ол өзге өкпелетсе де тез ұмытатын. Қатерлі дертке ұшыраған сәтінде, санаулы сағаттары қалған кезінде аяушылықпен көңілін сұрай барғандарға:
       - Жақсымын ғой, жақсымын, - деп, келгендерді жұбатып алып, әлемдік қиындықтар – шетелдегі зілзала, су тасқынын, табиғат құбылысын, жерді субасып қалу қаупі бар ма? – деп уайымдапты.Бес күн өмірі қалған сол жан өз мұңын тіс жарып айтпай, ғаламшар азабын мұң етіпті. Кейі аяп, кейі табалап, «артында қалған қай ұрпағын уайымдап отыр», - деп келемеждепті. Иә, әр адам бір жұмбақ жаратылыс.
       - Аға, - деп ойланып кеткеніме ыңғайсызданып. Жылы сөз айтып жұбатқым келгендей. – Аға, сіз сезімталсыз. Сезімтал болып күн кешу қиын ғой.
       - Иә, әрине, сезімтал болу да, сезімсіз қалу да тым қиын. Екеуінің арасындағы ұғым не еді?
       - Ол, ол ма, ол парасат.
       - Иә, парасат. Сол жағы кемшін. Бірі сезімтал, бірі сезімсіз тірлікті иемденген. Парасатты болу кез келгеннің еншісіне бұйырмаған (есіме үнемі парасат сөзін аузынан тастамайтын бір ағайым оралды. Мағыналы сөздерді орынсыз қолдана беріп, салмақсыздыққа ұшыратып алатынымыз-ай).
       - Аға, өлең оқыңызшы.
       Шемен жүректі шерте жыр төгілді. Жанарымдағы мұң тамшыға айналып, ыстық жас дөңгелене қалды.Бір аяныш өксік болыпөртеп барады.Текті табиғатынан айналдым, жыр – құдірет.Өлең өрімі беймаза тірлігіме жандауа сыйлап өткендей, жанарымдағы жас іркіліп, жетім тамшыға айналды.
       - Ей, сен жылап тұрмысың? Жылама.
       Өлең қасиетін ұққаның жақсы, сөз қадірін білген өз қадірін біледі.
       Ақын жайлы айтады қызықты аңыз
       Бірақ сен қызықпа, қыз,
       Қызықпа қыз.
       - Иә, бұл Мұқағали ғой. Сол Мұқағалидың «Ақынды ақын аямаса болмайды. Ақынды ақын аямаса – сол қайғы» деген жолдары да бар ғой әлгі. Мен ақын тағдырына қызыққан емеспін.Жұрттың сезімін тәрбиелеймін деп жүріп, өзі өртеніп кететін ақын тағдырына қызығып емес, мұңдана , аяп қараймын.
       - Тым, тым ақылдысыңдар ғой, түге.Менің әйелім де ақын тағдырына қызықпағасын кетіп қалды. Сен мұны естіген шығарсың.
       - Жоқ, - деп, жан-жарасын тырнығым келмей, өтірік айттым.
       - Ел айтып үлгірмеді ме? – Даусын таңырқай созды.- Оқасы жоқ. Ақпараттар тасқыны мол заманда өмір сүріпжатырмыз, үлгірмеген ғой. Отасқаныма он жылдан асты. Менде тиянақты жұмыс , мардымды жалақы жоқ. Өртей шыққан өршіл өлеңдер жанға азық болса да, жоқшылықтан құтқармайды. «Келешегің мықты» деген сөзге имандай иланып, жылдар өте берді.Арманы асқақ, ақшасы жоқ тірлігім түйінсіз тірлік, берекесіз өмрге айналғанын маған қараған әйелімнің жанарымнан ұғам. Әйелімді тек «Құдай қаласа» деген сөзбен жұбатам.
       - Құдай қашан қалайды, а? – деген сұрағына:
       - Құдай қаласа, - деп жауап беріппін.
       - Онда Құдай қалаған кезде бізді алып кетерсің, - деп, балаларымды жетелеп кетіп қалды. – Қайтсін енді, - деген үні дірілдей шықты. – Дұрыс қой. Ақылы жетер ме еді, төзімі жетпеді ғой.
       Көңілсіздік орнады. Көңілсіздікті көктей өтіп жақын маңдағы мешіттен әуезді әуен естілді.
       - Аға, қайтайық. Жер бетіне қайталық.
       - А, жерге ме. Айналайын жер қасиетті ғой. Жерді сағынамыз ғой.
       Бөлмесіне жақындағанда, асыға қоштасты. Жалғыз кетіп барады. Жүргені жүгіргені сияқты.





Пікір жазу