15.06.2021
  427


Автор: Қасым Аманжолов

Балалар — біздің болашақ

Балалар — біздің болашақ,
Сүйсінеміз, сүйеміз.
Бұл болашак тамаша-ақ!
Болашаққа иеміз.
Көтеріп жас сәбиді,
«Күлші, бөпе, күл!» — дейміз.
Көңіл дария шалқиды,
Балалармен гүлдейміз.
Алға кетіп барамыз
Болашақты құшақтап.
Жыламайды баламыз
Көзден жасы бұршақтап.
Жыламайды баламыз,
Жылатпаймыз еш уақыт.
Бәрі бізде, қараңыз:
Өмір, өлең, күш, бақыт!
Алтын оты үміттің,
Көзіміздің қарасы;
Балапаны бүркіттің
Біздің елдің баласы…
Түстік Корей көгінде
Жүр айналып қара құс.
Құмартады ол өлімге,
Қызу майдан қан соғыс.
Өлген ана жанында
Еңбектейді жас бала.
Шашақ атқан шағында
Бұл не деген масқара?!
Сұмдар қаңғып даланы,
Өлім екпек болады.
Дүниеде барлық баланы
Жетім етпек болады.
— Тарт колыңды баладан!
Өңшең жауыз сүмырай!.. —
Деп түр бүгін әр адам,
Көкірегіне кек сыймай.
Жыламайды баламыз,
Жылатпаймыз еш уақыт!
Бәрі бізде, қараңыз:
Өмір, өлең, күш, бақыт!..





Пікір жазу