15.06.2021
  178


Автор: Қасым Аманжолов

Тамара

Лермонтовтан аударма

Дарьялдың тар қуысы түнек жұтқан,
Ең түбін үңгіп Терек алабұртқан;
Бір ескі бар мұнара сол арада
Үстінде қара жартас қарауытқан.
Әрі тар, әрі биік бүл мұнара.
Тамара патша ханым тұрған дара.
Ғажайып сұлу бопты періштедей,
Перідей долы бопты бір жүзіқара.
Жалтылдап алтын оты мұнараның,
Тұрады тесіп өтіп түн тұманын,
Шақырып жолаушыны қоналқаға,
Алыстан арбайды екен көз жанарын.
Бойында бұрқылдаған от құмарлық,
Арбаған сиқырлы күш ой тұнарлық,—
Естілер дауысынан Тамараның,
Құпия құдіретіне бой ұрарлық.
Көрінбес періштенің естіп үнін,
Бай, жарлы, жауынгер де келетұғын;
Азбанқұл тұнжыраған есік ашып,
Қонағы босағадан енетұғын.
Үстінде құс төсектің толқып, балқып,
Оқа, зер, меруерт - маржан тағып, шалқып,
Құюлы қос ыдыста алда шарап,
Қонағын қарсы алады, жұпары аңқып.
Айқаса ыстық қолдар табысады;
Кешікпей ауызға ауыз жабысады;
Бір дүрмек басылмайды түніменен,
Шарапты, шаршап алып, қағысады.
Үйленіп әлде біреу той қылғандай,
Немесе жаназа оқып, бой ұрғандай,
Қысқасы, жүз қаралы қыз бен жігіт
Сол есіз мұнарада бір қонғандай.
Ұзамай таң да атты шашып шұғла,
Нұр құйып айнала тау, асқар шыңға;
Тым-тырыс бола қалды, тұнжырады
Мұнара малынғандай қан мен мұңға.
Тек Терек қуысында Дарьялдың,
Гүрілдеп бұзған тынышын осы маңның,
Толқынды толқын қуып жатыр тулап,
Бір-бірін баса көктеп, алып алдын.
Мұнара пенделері жасын сығып.
Өлікті шығарады тым асығып;
Бір нәрсе ағапандар терезеден,
Соңынша «кешір» деген дауыс шығып.
Налып-ақ қоштасатын нәзіктікпен,
Сүйкімді, әрі тәтті үні тіптен,—
Сықылды сағынышты махаббатпен,
Қуана қауышарлық күнді күткен.
* * *
Мейлі, ақынды сөге берсін
Ыржаңдаған ессіз қауым.
Жауап бермен.
Өршеленсін,
Не қылам мен былшылдауын.
Мен өзіммен - өзім ғана
Болып келем әлі күнге;
Тағы құстай ен далада
Ұшады еркін өлеңім де.
* * *
О, сүйікті перизатым,
Отырғанда алдымда сен,
Тербеп жүрек махаббатын,
Қасиетті қолың берсең,
Өмірімнің бүл сағатын
Көк қойыныңда өткізгендей,
Қадап көздің қарақатын,
Отырсам мен еркін сермей,—
Не қыламын қауымыңды,
Не қыламын қайғы-мұңды.





Пікір жазу