14.06.2021
239
Алып Алтай ананың
Алып Алтай ананың
Ақ сүтіндей құт Ертіс,
Сен сұлусың тамаша,
Сені сұлу қып тұрған
Семей атты қалаша.
Қалашаны қақ жарып,
Жатыр өзен жанаса.
Алқынысып, сүйісіп,
Аралыңды аралап,
Біз ойнадық балаша.
Иық, аяқ тиісіп,
Айналаға қараса.
Ертісті күн алтындап,
Алтын өзен жалтылдап,
Барса еңкейіп аласа,
Нұрлы ақшамның шетінен
Ай күліп бізге қараса.
Жан жайылып, дене еріп,
Құмарлық от қамаса.
Сол аралдың ішінде
Ерініңді әкелші,
Бал алайын, сүйейін,
Гүлге қонған араша.
Көңіл күйіп, қан тасып,
Өртенейін, жанайын,
Жел желпісін, аяса.
Сондағы ойлап жүрісті,
Ойлар басты тым күшті...
Бұл бір саған тиісті,
Ал арнадым, жараса...
* * *
Сүйемін сені, сүйемін,
Сүйгендіктен бір сені,
Отыңа, міне, күйемін.
Сүюім — хақ, сөзім — шын,
Білмесең де, білсең де,
Әйтеуір, сүйіп өлемін.
1930 жыл