14.06.2021
  930


Автор: Қазақ өтірік өлеңдері

Өтірік өлең: 9

Ағаштан қашау жасап, тас тескенмін,
Киізден бәкі жасап, тал кескенмін.
Құбының құмдарынан шүйке жасап,
Мәңгілік үзілмейтін жіп ескенмін.
Ағашшылық істепті тоқылдауық,
Құда боп сауысқанмен ебін тауып.
Кесерткі шудасынан кілем тоқып,
Көшкенде қара нарға қойдым жауып.
Ағаштан жарқылдаған қылыш соқтым,
Ішінде бір ай жаттым қызыл шоқтың.
Қоңыздың айғырына күміс ер сап,
Ағызып, қалың топтан өте шықтым.


Айтам деп өтірік өлең, жұртқа жақтым,
Қайырып, құмырсқаны қойша бақтым.
Айғырын бүгелектің ұстап мініп,
Үстінен Қара теңіз түлкі қақтым.
Айтайын айт дегенде бөлтірікті,
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.
Болса да өзгем өтірік, осыным шын,
Бір қызды маса теуіп өлтіріпті.
Айттым да өтірік өлең жұртқа жақтым,
Көк мұзын қарлы таудың отқа жақтым.
Шіркейдің ең жүйрігін ұстап мініп,
Тойында көкпар тарттым дуадақтың.
Аюдың ақ жібектен желегі бар,
Қолында шегірткенің шелегі бар.
Болса да өзгем өтірік, осыным шын,
Тауықтың алпыс екі емшегі бар.
Айта-айта өтірік өлең, жұртқа жақтым,
Мініп ап қысыр жылан айға шаптым.
Жотадан бір инемен құдық қазып,
Жылқысын бір тайпа елдің суға жаптым.
Айдадым жылқы орнына отыз түлкі,
Атқосшым жанымдағы семіз үкі.
Ішінде топ адамның тулап шығып,
Қылды залым шіркей мені күлкі.
Айттым да өтірік өлең, жұртқа жақтым,
Әкемнің іште жүріп малын бақтым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Қойтастан қоян аулап, түлкі бақтым.


Айтпаймын өтірікті мен басынан,
Шымшықтың үй жасадым қу басынан.
Етіне қара шіркей қазан толды,
Сүйегі асып қалды арбасынан.
Айттым да өтірік өлең, жұртқа жақтым,
Балықтың сирақтарын отқа жақтым.
Бір сонам байлаудағы қашып кетіп,
Меккеден он жыл іздеп, зорға таптым.
Айдадым жылқы орнына көбелекті,
Тасбақа астымдағы аттай желді.
Аулында қайын жұрттың жығып кетіп,
Қылдың-ау, көкжал бақа, елге күлкі.
Айта-айта өтірік өлең, елге жақтым,
Сақалын көк шіркейдің отқа жақтым.
Біреуін бұзаубастың жоғалтып ап,
Онан соң басқасына қоңырау тақтым.
Айтайын, айт десеңіз өтірікті,
Басына қарағайдың көл тұрыпты.
Болса да басқам өтірік, осыным шын,
Өгізді шіркей теуіп өлтіріпті.





Пікір жазу