13.06.2021
  427


Автор: Ілияс Жансүгіров

Сағыну

Жан-жағыма қараймын,
Жалғызбын мен, жалғызбын.
Серігі бар талайдың,
Бар сүйгені әркімнің.
Жан жабырқау қиналам,
Қызғанам, жаным, өзгеден,
Бар бір кісім қимаған,
Алыста сол сүйгенім.
Көптен бері барғам жоқ,
Күйігімен өртендім.
Енді шыдар дәрмен жоқ,
Ойлай-ойлай дерттендім.
Жүруге енді қалмасқа,
Билет алып отырмын.
Көкіректі отқа,
Көз жасқа
Жылай-жылай толтырдым.
Енді кетем тұрмаймын,
Ертең-ақ бет түзермін.
Енді көрмей тұрмаймын,
Атсыншы таң — іздермін.
Сонау таныс қаланың,
Мешіттерін көремін.
Сонау таныс жағаның,
Көркін көрсем не дермін?
Көзім көрген сол қала
Жылы ұшырар өзіме, іздеген жан табар да,
Жолығамын өзіңмен.
Жолыққанда өзіңе,
Қарармын-ау көзіңе.
Тоярмын-ау нұрыңа,
Қанармын-ау сөзіңе.

1932 жыл





Пікір жазу