13.06.2021
  216


Автор: Ілияс Жансүгіров

Жаз

I

Жарқырады жаңа жаз,
Сапырылды қыр, дала.
Дабыл, даң - дұң айнала,
Қырға қонды қалың қаз.
Екпінді ескек лапылдап,
Шашты жалын мұз, қарға.
Ақтарылды ұлы арна
Таудан тасқын сарқырап.
Далада ұлы төңкеріс,
Дала қайта жасалды.
Қуарған қыр жасарды,
Дала майдан, үлкен іс.
II
Жаз дегенім - жаз емес,
Жаз дегенім - жаңа өмір.
Қырда қиқу - трактор,
Қырға қонған қаз емес.
Жел дегенім - жел емес,
Жел - еңбектің екпіні.
Тасқын - жұмыс текпіні,
Сең дегенім - сең емес.
Социалдық бұл жазда
Тасыды ауыл өзендей.
Жау жапырып, бөгелмей,
Құяды ауыл колхозға!

1934 жыл





Пікір жазу