Қанды қыран
Әлемге қанды қыран жайды құшақ,
Қап - қара дауылдата бұлтқа құсап,
Темірден тегеуріні құрыш қанат,
Шақырып жүр төбеде пышақ! пышақ!..
Тұмшалап төңіректі алған тұман,
Құлаққа үн келеді ыңырсыған.
Білеміз қай ұядан ұшқандығын,
Қан қанат, у тегеурін, тісі жылан.
Сияқты әлде үстінде ұшатындай,
Көзіне түскен жанды қысатындай.
Жөтелсе зеңбіректің оғын бүркіп,
Оқ саңғып, үстіңе от құсатындай.
Айналып жүр төбеде қара қыран,
Қан жауар қаһарлана қабағынан.
Жыбырлап жер жүзінде жәндік жатыр,
Апырым - ай, қайтып аман қалар мұнан?
Жер жүзі - қала, дала қайнап өмір,
Біреуге сор, біреуге пайдалы өмір.
Қыранды қызықтырып, қызыл болып,
Астында қара қанат жайнады өмір.
Жер қорқақ түлкідейін, тышқандайын,
Ел қорқақ көктен қыран қысқан сайын.
Барады қауіп күшейіп күннен - күнге,
Төмендеп қыран жерге ұшқан сайын.
Бұл қыран ежелден - ақ қанды қыран,
Шеңгелді талай қанды салды қыран.
Қылғанға қызыл жемтік жердің жүзін
Мінеки 18 жыл бұрын бұдан.
Бұл қыран қаһарланып сонда түскен,
Жер жүзі кісі етін жеп, қанын ішкен.
Сарқырап халық қаны дария болып,
Дүние сасып кеткен у иістен.
Бұл қыран қанға бояп жерді бүрген,
Жемтіктен төрт жылдан соң көтерілген.
Төбеге бүгінгідей төнбеуші еді,
Даусын естімесем алыс үрген.
Сол қыран көрінеді тағы көкте.
Айналып жүре бермес көкте кеп те.
Түйіліп топшы қомдар құлауы хақ,
Оғындай зеңбіректің бір мезетте.
Жер шары күрес, майдан қиян - кескі,
Біреуді біреу жесті, біреу кесті.
Тарыққан тапты тартып тура жолға,
Бастаған күшті әскер бар бұл күресті.
Әне, анау азғантайлар оны жеген.
Әне, анау еңбекшілер миллиондаған,
Серпіліп сонау дүрмек шықты жауға,
Даусы:
− Азаттыққа!
− Маркс!
− Ленин!
Қалада, тауда, суда, қырда, құмда,
Күші әлі жер шарының жау жағында.
Жалғыз - ақ қызыл туы тігулі тұр,
Еркін ел - СССР - дің алаңында.
Жан - жақтан көтерілді айқай шуы,
Жан - тәнін жеген сайын жаудың уы.
Арманы - алыс умен азат болу,
Арманы - алдындағы Ленин туы!
Қызыл ту Маркс, Ленин жазған сөзін,
Тартқандай өз бауырына әлем жүзін.
Төбеден туға төніп түскелі жүр,
Қызыл ту қызықтырып қыран көзін.
Ту қызыл, оның жауы қыран құсы,
Жүргені қыран төніп тудың түсі.
Құйылып сатыр - күтір түсе қалып,
Келеді қызарғанды жеп қойғысы.
Біледі ол қызыл тудың өсетінін,
Әлемнің солай қарай көшетінін:
Тұтасып қызыл туды қолға алғанда,
Тағдырын қырандардың шешетінін.
Сондықтан айналады көкте қыран,
Түспекші қайда қызыл, қайда қоян.
Әлемнің үстіндегі қара бұлты,
Қан жауып қанатынан, соғар боран.
Әнеки, күншығысқа ол ұшты ма,
Қытайдың қызылына ауысты ма?
Миллион еңбекшіні бүре түсіп,
Оқсаңғып, қан қақырап, у құсты ма?
Талайды талай жерде алып жеген,
Сол қыран түсетіндей көктен төмен.
Қанталап екі көзі, СССР - ге
Ойы бар көп кешікпей түссем деген.
Еңбекші, көремісің қара бұлтты!
Қанатын жайып күннің көзін тұтты.
Жемтікке жұмсау үшін жерік болып,
Жұтқандай әсіресе біздің жұртты.
Әне жүр, еңбекшілер, болыңдар сақ!
Жасанып, бекін, күзет, еліңді бақ! '
Үстіңе жазатайым түсер болса,
Айбарлы қаруыңмен қыранды қақ! »
Қызғанда күшті еңбекпен ұлы жұмыс,
Күзетті жау жағына мықтау дұрыс.
Қызыл ту жер жүзіне тігілгенше,
Төбеден қанды қыран кетуі күш!
Оған өктиетұғын еңбек шуы,
Оған от өртейтұғын Ленин туы.
Жеңгенде жер шарында жұмысшылар
Жарқырап жерді көмер күннің нұры!
1932 жыл
*∙*∙*
Сүйгендіктен мен сені,
Ар азабын тарттым көп,
Не тартпадым сен үшін
Болды өртеген отым көп.
Көп жылдары отына,
Жандым, жандым отын боп.
Толқимын да ойлаймын,
Сүюден тым тәтті жоқ.
Сүйдім, батты жаныма,
Сүюден тым қатты жоқ.
Қалдым ба екен болмаса,
Жалғыздықтан зәтте боп?
Әлде жүрек жұқарып,
Жадау тартар уақыты боп.
Жоқ, олардың бірі емес,
Жолықты жар тәтті боп...
1932 жыл