13.06.2021
  217


Автор: Ілияс Жансүгіров

Көтеріліс

Қабат үйлі, қалың қала,
Қалың кісі, қатын - бала.
Өне бойы қызыл ала,
Басы - көзі жара - жара.
Тамтығы жоқ арқа, бастар,
Қолдарында мылтық, тастар.
Жалба жеңдер, жыртық ыштан,
Соқтығысқан, сығылысқан.
Сендей суда, Сендей мұзда.
Бір таралып, бір қосылып,
Бір ұйлығып, бір жосылып,
Адам қирап, қырылған жан,
Жан шыңғырып, соралап қан.
Мылтық тарс - тұрс Атылған оқ,
Түтін бұрқ - бұрқ, Шашылған от.
Қылыш жарқ - жұрк,
Қанжар шап - шұп.
Біреу орақ, Біреу шалғы,
Біреу пышақ, Біреу балға.
Көрінгенді тез сояды,
Көрінгенге өрт қояды.
Қылыш жарқ - жұрқ,
Жалын лап - лұп...
Қала осындай өртенеді,
Капиталға дерт енеді.

1932 жыл





Пікір жазу