Жебірейілнама
А. С. Пушкиннен аударма
Бұл шыным, жебірейдің жас сұлуын
Ақтауым керек, жанын құтқаруым.
Періштем көркі көркем, кел жаныма,
Ал қабыл, алғыстаған дұғам мұным!
Аспанның Алласына Айсаменен
Жалбарып, аят үндес айтам өлең,
Сүйкімді еріндерден күлкі күткен,
Сұлуды құтқармақпын жерде жүрген!
Ішектің қоқыр сазы, бәлкім, жетер,
Шіркеудің мұнажаты көңілін ерітер;
Қосылар қыз көңліне әулие жан;
Ол ие ой жүрекке әмір етер.
Момақан, күнәдан пәк, он алты жас,
Меруерт тіс, сүйкімді аяқ, қоңырқай қас.
Көкіректі көтеріңкі көрсеткендей,
Қозғалар қос қыз алма болар-болмас.
Неге сен, жебірей қызы, жылмайғанын,
Жүгірді-ау ақ бетіңе қызыл қаның!
Жоқ, сәулем, сен, расы, алдандың ғой,
Сені емес,— түрін жаздым Марияның.
Құддыстың қиырында, түкпіріңде,
(Әзәзіл сақтап жүрген бүлдіруге)
Уәсуәса, жас қылжақтан аулақ мүлде,
Өткізді өмірін тыныш осы сұлу,
Шалмастан оқты көздің біреуі де.
Қосағы бұл сұлудың құрметті адам,
Бурыл шал олақ ұста қолы өнерге.
Болса да, жалғыз шебер осы өңірде;
Кейде ара, кейде балта қолына алып,
Ісі көп, босана алмай күндіз-түнде.
Қарауға сұлуына уақыты жоқ,
Болуға мұршасы бар аз-ақ бірге.
Сырлы гүл, тағдыр жазған арын ерек,
Жаңа, жас сабағында жарылмап ед,
Жалқау ер ескі тозық құмғанымен
Ертеңгі мезгілінде суғармап ед,
Күнәсіз жебірей қызбен әкедей боп
Асырап тұрды осы шал — өзгесі жоқ.
Ал бір кез аспандағы құдіреттің
Сұлуға назары ауды туған бөлек.
Қызығып қыз алмаға, шыбық бойға,
Құлына — ұрынуға тым ентелеп:
Бағалы бау-бақшаға салды ықылас,
Тұңғиық данышпандық мейірім жебеп.
Жердегі жеміс бақта жеке қалған
Сұлуын сырлы жомарт нұрға бөлеп.
Күн батты, мылқау бір түн жерді басты;
Мария тәтті ұйқыға араласты.
Алладан әуез келді — түс көрді қыз:
Алдынан аспан әлем пердені ашты;
Аспанның көз жеткісіз алысында
Арсыға жарқыраған бір нұр шашты;
Қауласып қанатты жан көк жүзінде
Қайнасты, періштелер дуылдасты.
Сансыз көп ЬІсрапілдер қанат қағып,
Күй тартып Мекайілдер жыр жырласты.
Бастарын көк қанаттың қойнына алып,
Тырп етпей Әзірейілдер күй тыңдасты.
Оранған ақ бұлтқа алла тақты
Арсының аржағында нұрға ұласты.
Жарқ етіп ақ мұнардан алла шықты —
Сәждаға періштелер қойды басты.
Жан болмай қыбыр еткен сол әлемде
Жым болып арфа — қобыз үнін басты.
Мария дем алады азар-азар,
Алдына мойын ұсынып иіп басты.
Тітіреп жапырақтай тыңдайды әуез,
Аспаннан алла сөзін құлаққа асты:
«Сұлуы сүйген қыздың, жер сұлуы,»
Жебірейдің жас үміті, жердің гүлі!
Шақырам сені, пендем, өзімдік бол;
Отымен махаббаттың өртеп сені.
Әзірлен ғаибана тағдырына
Құлына құдіретті үйленеді!»
Тағы да нұр бөледі алла тағын;
Қаптады қанатты жан аспан жағын
Періште көк жүзінде гуілдесіп,
Аспанның арфасынан шықты сарын...
Қусырып нәзік қолын аузын ашып,
Мария маужырап тұр көріп бәрін.
Немене тербегендей, ымдағандай
Өзіне салып отты назарларын?
Сарайдың жас тобының ішіндегі
Мынау кім, Марияға қадалғаның?
Мамық, тәж, көз тұндырған көркем киім,
Жарқылдақ қанаттары, алтын бұрым,
Шынар бой, көлгір, ұяң көз қарасы,
Ұнатып тұр Мария барлық түрін...
Түсті көз, жалғыз-ақ қыз көңлінде!
Ал мақтан, мақтан енді, Жебірейілім!
Сиқырлы шамнан түскен көлеңкедей
Жоғалды барлығы да, болды көк жым.
Үлбіреп төсегінде сұлу Мария
Манаурап оянды азар атқан таңда.
Қызық түс, сүйкімді сол Жебірейіл
Кетпейді қыз көңлінен не қылғанда,
Алланың ұлық сөзін тыңдағанда,
Қалса да Марияға ұнап алла.
Көрінді Жебірейіл сүйкімдірек...
Сұнса да Мария мойын алла алдында.
Әйелін адъютанты қызықтырған
Кей-кейде болмаушы ма ед жандарал да;
Надандық педантпен ырза соған,
Жазған соң тағдыр солай, амал бар ма?
Айталық қызықтарын махаббаттың
(Білмеуші ем әңгімесін басқа жақтың):
Күндерде отты көзден өртке ұшырап,
Қалғанда толқынында қан ойнақтың.
Опасыз тілектердің қайғысы алып,
Жанды жеп, қоймағанда қуалап тым,
Талдырып бір-ақ нәрсе, барлық жерде,
Уында әурелесе ой, азаптың, —
Сол кезде сырласты іздеп таппаймыз ба
Тобынан топырлаған жас бойдақтың.
Сол доспен от құмарды әңгімелеп,
Шаттыққа оның үнін аударушы ек.
Қанатты көк үмітін ұстағанда
Қымсынтқан сұлулықты тәтті төсек;
Азабын махаббаттың ұмытқанда
Талаптан тұлдыр қалмай күдер үзсек, —
Ескі ойды ол жайынан жаңғыртуға
Сырласпен былшылдауды ұнатушы ек.
Ей, алла! Біздің Мария толқығанын,
Тәңірім-ау, тақ біздердей жалындадың,
Суыңды барлық дүние жаратқанға
Тыңдамай көңілсіз көк дұғаларын, —
Шығарып сүю аят қыз жырларын
Жырлады: «Сүйем, сүйем, Мариямым!
Қалдым-ау қасіреттің мәңгі отыңда...
Марияға ұшам, қайда қанаттарым?
Төсінде сұлуымның тынығамын!..»
Тағы да... тағы осындай өлеңдерді
Айқайлап, әнге салып айта берді.
Шығыстың шұбар сөзін, мұңды сазын
Ежелден ұнатушы ед алла тегі.
Сүйтті де Жебірейілді шақырып ап,
Жай сөзбен асықтығын түсіндірді,
Жасырып екеуінің әңгімесін
Айтпастан шіркеу бізден ұрлап жүрді.
Алланың анық сырын бүркей сөйлеп,
Алдады тексеруші тағы Інжілді!
Әйтсе де армянның ертегісі
Пенделеп бізге біраз сыр білдірді.
Ал алла мейлінше мақтап-мақтап,
Сайлады жасауылға таңдап бірді.
Ақылын, алғырлығын байқап алып,
Жұмсады Марияға Жебірейілді.
Елшісін ендірді алла етіп жарлық,
Ойында періштенің өзге бар жік:
Жебірейіл жылпың, епті, сегіз қырлы,
Жүргенмен жасауыл боп жолда қаңғып,
Жолы боп елшіліктен жүретұғын;
Ұмытпас өз есебін ығын аңдып.
Атақтың азаматы ойын ұрлап,
Тілемей жалаң қызмет, жағымталдық.
Аллаға... құр хабаршы болмай бір жол,
Қылғысы келмеді бос шабармандық.
Қаңғырып дүниеде жүрген тынбай,
Әзәзіл ежелгі жау, жүре ме жай.
Естіді жебірейдің сұлуына
Құмар боп қалғандығын көктен құдай,
Азат қып адам ұлын дозағынан,
Сұлуға құтқаратын азабынан.
Күнәға күліскенді жазатұғын
Алланың өзі ауырды қыз жағынан;
Сұлуға құдай құмар дегеннен соң,
Болмады сайтанға үлкен қайғы мұнан.
Аспанда отыр алла тәтті мұнда,
Ұмытты барша әлемді, батты сырға,
Дел-сал боп ешнәрсені басқарған жоқ —
Иесіз өз бетімен жатты дүния.
Қосағы Жүсіп шалдың мұңды Мария,
Ол қайда? Істейді екен не шаруа?
Күнәсіз бос уақытын сонда өткізіп,
Жүреді бақшасында батып ойға.
Көргісі келед түсті тәтт ұйқыда,
Кетпейді көз алдынан көрген тұлға.
Жаны ұшып Жебірейілге талпынғандай
Дегендей құшағымды аласың ба?
Сұлуым ойға батып тұрды оңаша,
Сылдыр су, құрма ағаштың саясында;
Тіпті оған жұпар гүлдің көрігі жоқ,
Бұлақтың сылдырына көңілі жоқ...
Кенеттен көрді алдынан: көркем жылан,
Жарқырап сиқырлы үнмен күліп сылқ-сылқ,
Жап-жақын Марияның дәл үстінде,
Тербеліп тұр бұтақта, көлеңкеде.
Тіл қатты: «Ей, алланың сүйген жаны!
Сескенбе, сорлың едім, кете көрме...»
Мария қалды қатып қақпай кірпік,
Мүмкін бе? Неткен ғажап, бұл немене!
Ақ көңіл Марияға сөз қатқан кім?
Кім дейсіз? Әлбетте, сұм Әзәзіл де!
Сәлемі, отты көзі жалтылдаған,
Безенген бәйшешектей сұлу жылан,
Ұнады Марияға сол сағатта
Сиқыр көз, сайтан сөзі сынықсыған.
Елжіреп бара жатыр жүрек жылып,
Жылмайып, жылмаң кезі ішке кіріп...
Басталды екеуінің арасында
Шынайы хауіпті сөз түбі суық:
«Сен кімсің? Жәдігәй сұм жыланбысың?
Адамның әйеліне құмармысың?
Сиқырлы сөзің, отты көзіңменен
Аздырған Қауа ананы зияндысың;
Сұлусып сырлы ағашқа қызықтырып,
Күнәқар сол сорлыны қылған сұмсың;
Жас қызды жамандыққа алдаған сен,
Сонымен адам ұлын шарлаған сен.
Қырсықтың тереңіне түстің мәңгі.
Не жөн бар артымыздан қалмауға сен?
Ал ұят қайда?»
— Сізді көп алдаған;
Қауаны азғырғам жоқ, мен құтқарғам!
- Құтқардың! Кәне кімнен?
- Құдайыңнан,
Алдама, хауіпті жау аулақ арман!
Құдайдың Қауа қызды сүйгені рас.
Тек, тыңда!
Бұл сөзіңе пенде нанбас,
Қауаға құдай ғашық болып күйген.
Сөйлеме!
Етпекші еді Қауаға қас,
Қауa қыз қалды хауіп тұзағында...
Қой, жылан; жалғандама құлағыма!
Алланың атыменен растаймын
Алладан садаға кет, қой, тантыма!
Тыңдашы, тым болмаса...
Мария ойлады:
Сескеніп өз ойынан көзі ойнады.
«Жыланның оңашада өсиетін
Тыңдауым жақсы болмас» — деп ойланды.
«Сайтанға сенуге де бола ма екен.
Құдірет құлын қорғап, қағады екен.
Ол ием мені сүйген, сақтар дәйім,
Өз құлын жаман ойдан, жаудан бөтен,
Мүсәпір, мүп-мүләйім, не еткен жылан,
Не күнә мұнда? Мұның несі жаман?
Қисынсыз құрғақ көку болмас па екен,
Байғұсқа жала шығар бір жабылған!»
Ойланып қалды дағы қойды құлақ,
Ұмытып махаббатты Жебірейілден,
Мойын иіп, құйрық серпіп, етіп қайқаң,
Бұтақтан сумаң қағып түсті сайтан.
Лып түсіп қыз алдына сылқ-сылқ күліп,
Қызды өртеп, дейді:
«Бұрын Мұса жайған
Әңгіме шылғи жалған, менікі басқа,
Алдады ол жебірейлерді жылжытпасқа,
Ол соқты өтірікті — иланды жұрт,
Данышпан, шешенді жұрт тыңдамас па.
Сонымен Мұса атанып кете барды,
Нан маған, тарихшы емен сарайдағы.
Құдайдан пайғамбарлық шен алам ба,
Болды деп көпірткенде болмағанды!
Сұлулар өзге жердің жүзіндегі —
Отынды күндер сенің көзіндегі;
Ойланшы шыныңменен, момын Мария,
Дүниеге не үшін тудың өзің тегі?
Адамның таңдантуға балаларын,
Олардың құлдануға жеңіл жанын,
Қандырып рақаттың күлкісіне,
Етуге екі-үш сөзбен есін жарым,
Қызықпен — не сүюге, не сүймеуге...
Сол үшін дүниеге тудың, жаным.
Бейне сен жаралғасың жас Қауадай,
Ақылды, ерке, ажарлы, момақан, жай,
Үлбіреп нәзік гүлдей бақшасында
Жар сүймей жабырқауда өскен ұдай.
Көзбе-көз, ен аулақта еркек пен қыз
Әдемнің жағасында жүрді жалғыз,
Өткізді тыныштықпен пәк өмірін,
Бір беткей өтті күні қуанышсыз.
Көркем жер, көлеңке орман, өмір жастық
Олардың асықтығын оятқан жоқ.
Сүйісіп серуендеді, ішті, жеді,
Күндізі — күнде шаршап есінеді,
Қызық жоқ, құмары жоқ — түні селсоқ.
Айтшы әлі? Жебірейдің алласында,
Задында аз әділет бар ма осында?
Қызғаншақ, қара жүзді құдай өзі
Қызықты сорлы адамның Қауасына:
Оны арнап сақтап жүрді өз басына...
Ар қайда? Ұят қайда? Не еткен рақат?
Өзіне қарсы жанды отқа жағат.
Жалбарып бір басына барша ғалам
Бас ұрып, тек қыла бер құлдық, тағат.
Мақта оны, сипатына таң қала бер,
Қойсаң да біреуіңе бірің қарап.
Жазады жазалыға жар сүйгенді,
Ерік жоқ бір пендеде бәрін бағад,
Осыны өзі жарлық қып отырып,
Сыбырлап періштеге қасын қағад;
Мінекей анық сыры құдайыңның,
Жаратып, жас қыздарды сүйетұғын,
Болады қыздың жайы міне сондай,
Қосылып құдай қызық көретұғын.
Арты не? Өкінішің, күңіренуің,
Кемпірдің көңілсіз қып күбірлеуің
Шырақша, алмастаған образ сурет,
Боянған бір бояушы құдай түрін.
Болады мұның түбі дәл осылай.
Сұм күндес тағдыр солай!
Қызық-ау тым!
Құдайдың сездім дағы не қыларын,
Қауама кетті тіпті-ақ ашып жаным.
Ояттым қыз, жігітті ұйқысынан
Сонан соң есіткенсің не болғанын.
Қос алма салбырап тұр бір бұтақта,
(Нысана бақыт пенен махаббатқа).
Қауаның қиялынан күңгіртті аштым,
Оянды бұлдыр тілек сол уақытта,
Сол кезде сезді Қауа сұлулығын,
Қызығын, жүрегінің жұлқынуын.
Жас жардың жалаңашын және сезді,
Жалғыздық, жарсыздықтың қиындығын.
Meн көрдім! Құштарланған асық жарды,
Асықтық — өз оқуым — көзім қанды.
Сабағым басталғанға болдым ырза,
Ішіне қалың орман кете барды.
Оларды онда ап кетті көз бенен қол,
Қан қайнап, көздер жайнап, қол шырмалды,
Аймалап епсіз, үнсіз Адам қолын
Жұмсады сипалақтап қыздың қойнын.
Шатықтың шын үмітін ізденді Адам,
Жас жардың жалаңашын о да сезді,
Қомағай өртпен күйіп жалындаған
Көмейін ләззәтінің табуға Адам,
Oт қаны, өрт жанымен кетті шөгіп,
Ішіне рақатының тауып алған...
Құдайдың құлақ аспай ашуына,
Жайылып шашы, балқып жатыр Қауа,
Өбісті отты Адаммен аймалаған,
Жыбырлап еріндері зорға ғана,
Құрма ағаш саясында маужыраған,
Жасы ағып жатыр Қауа талмаураған.
Сүйіскен екі еркесін еркелетіп,
Жасақ жер жапырағымен жауып салған.
Шаттық күн! Ерке жігіт жарын сүйген,
Күн ұзын жарды еркелеп, түнге кірген.
Босатпай оларды ұдай от махаббат,
Түнде де емес бұлар кірпік ілген.
Білесің қызықтарын құдай бұзып,
Бейістен жібергенің тез қуғызып,
Бейнетсіз бостан жүрген, жақтан жүрген
Күнәсіз көптен бері күн өткізіп.
Оларға құмарлықтың аштым сырын,
Теңдігін жас қызықтың, жастың сырын.
Көңілді, қуанышты шаршатқан не,
Тәтті сөз, не екендігін жар сүюдің.
Шаттықтың дәл ұстаттым тұтқасына,
Бақыттың айттым не бар көз жасында.
Жеткізіп арманына ырысты еттім,
Айт кәне: жазықты ма мен осында?
Жөн сілтеп жол таппаған жігіт, қызға,
Жібергем, Адам менен бақытсыз ба?
Өз басым олай-ау деп ойламаймын,
Қауамен мәңгі достық арамызда».
Осыны сөйлеп сайтан сөз доғарды,
Мария ұйып тыңдап ойға қалды.
«Шын ба әлі?
Алтын, байлық, даражаға
Қызықты, көңілді кім сатып алды?
Есіткем мен де сүю керектігін,
Уа, сүю! Қалай сүйем, сүйетін кім?..
Сонымен жас Мария тұрды байқап,
Сүюді сайтан қалай үйретуін:
Қимылы, сиқырлы ойы, жұмбақтығы,
Батыл сөз, еркін сурет, сегіз қырлы —
(Бәріміз де құмартамыз жаңалыққа)
Қыз көңілін бұлдыр қиял қызықтырды.
Шырмалды күңгірт бір ой барған сайын,
Қауіпті ой қызға деді ашылайын.
Жоқ болды жылан, тіпті болмағандай.
Бір тұлға қыз алдында болды дайын.
Алдында Марияның сұлу жігіт,
Жылмиып, жайнап, үнсіз тұрған күліп.
Төндіріп отты көзін Марияға,
Күйдіріп кетіп барад ұмсындырып.
Бір нәрсе тәтті тілмен тіленгендей
Майысып қолы қызға гүл ұсынып.
Жалбырап жай шүберек бір қолында,
Ұялып бетін бүркеп қыз алдында,
Ойнақы жүріс, отты ойынымен
Тигендей епті қолы жасырынға...
Таң болып, жаңа болып мұның бәрі
Аңыртып тұр мінеки Марияны.
Еріксіз алма беті арын жойып,
Дуылдап қайнап барад қыздың қаны.
Талдырып шалған ыстық, алқынған дем,
Қоздырды Марияның қыз көкірегін.
Дыбыс жоқ Марияда: бір мезетте
Тұра алмай, құрып кетті дәрмені тым,
Сүйеніп сиқыршыға иді басын,
Көз жұмып, әлсіретті дем алысын.
Баса алмай буындарын, босап кетіп,
— Аһ — деді ала құлап шөптің үстін.
Тілегім, үмітімнің түнгі түсін,
Достым-ау, кімге арнадым алғашқысын,
Сұлуым, мені сүйген жақсы көріп,
Есіме түсіргенді кешермісің?
Күнәм көп, жас күнімнің жазығы мол,
Үйінде өткен кештер есімде сол.
Беймаза, сақ шешеңнің көз алдында,
Қымсынтып, қызартқаным күнәм ғой зор.
Үйреттім өзімше мен көнбіс қолды,
Қайғылы айрылыста алдануды.
Уақытты өткізуге үнсіз рақат,
Бұзуды қыз қайғымен түнгі ұйқыны.
Бітіпті біржолата жас уағың,
Боз ернің жоғалтыпты жылмайғанын.
Ажарың бейне гүлдей семіп қапты... .
Сен маған кешермісің, қалқа жаным!
Күнәқар, жәдігөй жау, Марияға
Болдың сен, айыптысың ол алдында;
Саған сұм бұзықтығың жайлы-ақ шығар...
Сайқалдап сол себепті жүрсің мұнда.
Қосағын құдіреттің құшақтадың,
Алланың аманатын ап таптадың.
Пәңгірттің пәк пендені ожарлықпен
Мақтан-мақтан, даңқымен лағанаттың!
Бол жылдам! Жақын-жақын, мезгіл енді!
Түсетін күшті қолға кезің келді.
Күнәнің куәсі боп қалмау үшін
Күн батып, сам жамырап, сәуле сөнді.
Маңай тыныш, Дүрілдеп жер бір мезгіл,
Әлсіреп жатқан қыздың үстінде жүр,
Жарқылдақ, көктің ұлы, қанат сермеп,—
Елшісі махаббаттың Жебірейіл.
Келгенде Жебірейілден шошып қатты,
Мария ұятынан бетін жапты.
Түнеріп тұрып кекті, зілді үнімен
Алдынан түнек сайтан жауап қатты:
«Бақытты өр көкірек көктің ұлы,
Шошытып жер пендесін осы ғұрлы,
Арсыны, аспан, жұмақ — бәрін тастап,
Байғұс-ау, сені мұнда кім шақырды?
Біреудің рақатты тыныштығын
Бұзғанын, осы, кәне, қай қырсығың?»
Жебірейіл жиырылып қызғанышпен
Сөзіне ожар, мысқыл деді мұның:
«Құдайдың қас дұспаны, сүргін сайтан,
Сұм тентек, сен бұл жерде жүрсің қайдан?
Аздырып нәзік, сұлу Марияны,
Сұрайсың менен сауал қағып жайтаң.
Тез жоғал! Арсыз, азғын, құтырған құл,
Болмаса не істерімді байқа да тұр!»
«Жалпиып сарайдағы көргем талай;
Қолыңнан, құдай досы, келгенің қыл!»
Антұрған ашулы сұм кегі қайнап,
Тістеніп, түйіп қабақ, тісін қайрап,
Ауызға Жебірейілді қалды қойып,
Сүрілді ол жерді сүзе, қатты айқайлап.
Қалшылдап ашу кернеп азар тұрып,
Сайтанды қапылыста қағып ұрып,
Шап етіп самай шаштан ұстап қалды,
Шыңғырды сайтан, соғыс болды сарт-сұрт.
Алысты, бірін бірі ала алмады,
Бір сайтан, не періште жыға алмады.
Сіресіп, сілтесіп жүр көк майсада,
Жақсылық, жамандықтың балуандары.
Аңдысып, әдіс ұтып бір-бірінен,
Тіресіп, жау төсіне иегімен.
Шабысып аяқтары, қол қабысып,
Тастасып бірін-бірі дөңгеленген.
Жүгірген сабақ тастап кең далаға,
Құрбылар, бала заман есте бар ма?
Алысып жақ-жақ болып күрес салған
Күн қандай қызық еді сол заманда?
Қалжырап, боқтау, сөгіс сөзді ұмытып,
Екі алып алысып жүр арс-ұрс етіп.
Үйіріп бірін бірі алма-кезек,
Жер мен көк күрескендей, бұрқ-сарқ етіп,
Падшасы жер астының жауырынды,
Алудың жауды бұрын қамын қылды.
Біржола Жебірейілді жоқ қылуға
Ниетімен бір қаққанда тәжді ұшырды.
Шап етіп шеңгел сапын, шаптан алды.
Қайқайтып күшті қолмен жерге апарды.
Жас сұлу Мария аяп Жебірейілді,
Шошынып үнсіз қатып, қалтыранды.
Сындырып періштені сайтан иді,
Қуанып бұған дозақ билеп биді,
Мұңайып көктегі ұжмақ, періштелер,
Тартқандай салауатпен қайғы күйді.
Бақытына Жебірейілдің ыңғай келген,
Шап етіп ұстай алды жанды жерден
(Тегінде төбелеске керексіз жер),
Сайтанның күнә қылған мүшесінен.
Шыңғырды сайтан қатты, құлады сылқ,
Жалынды жанын сұрап, ұрып құлдық.
Қараңғы тамұқ жолы қайдасың деп,
Қолынан періштенің зытты шығып.
Тамаша төбелеске, топалаңға
Таңырқап дем ала ал май тұрды Мария.
Қашырып қайратымен жауын жеңіп,
Жебірейіл қызға күліп айналғанда:
Отты қан, махаббаттың ойнап көзі,
Жылмайып, жайдарымсып, жайқап жүзі,
Мария жайды құшақ Жебірейілге,
Па шіркін, жақсы-ақ еді-ау жебірей қызы!
Ұялып елші, жаттың асықтығын
Марияға айтты былай мәнін мұның:
«Пәк Мария, қуан, құдай сүйді сені,
Қатынға құп лайық сұлусың тым;
Жүз есе балаң бақыты жарылқанған,
Дарытпас барша әлемге дозақ отын.
Жүз есе әкесі оның бақыттырақ,
Осыны айтып тұрмын көңлімнен шын».
Жебірейіл тізе бүгіп Мария алдында,
Қыз қолын жұмсақ ұстап, қысты майда.
Күрсініп, көз жанары сөнді сұлу,
Сол кезде алды сүйіп Жебірейіл де.
Балқыды, нұр құшаққа қысылды қыз,
Үндемей жан, тәнімен ұсынды қыз.
Ол тиді ожарлықпен қыз төсіне...
«Қоя бер!» деп сыбырлап қымсынды қыз.
Айқасты көктен қару, жерден ару,
Қабысты жер менен көк, ләззәт алу,
Сол минут аймалаудан кетті естілмей —
Пәктіктің соңғы даусы ыңырану...
Қыз қайтер? Қызғанышты Құдай не дер?
Сұлуым, уайым қылма, жөні келер.
Сырласы махаббаттың әйелдер-ай,
Ұрлықта із жоғалта білесіңдер.
Әйелдер, еркекті алдай білесіңдер.
Сопымсып сыр білдірмей жүресіңдер.
Көңілді кінәлердің кір ізіне
Кестесін тазалықтың тігесіңдер.
Қызыққа ұрлықпен-ақ тоясыңдар,
Күнәні күлкімен-ақ жоясыңдар.
Болса да қанша қатаң, қаншама сақ,
Соқыр ғып сұңғыланы қоясыңдар.
Сабақты сақ шешеден алады қыз,
Сыр бүгіп бекінеді аналы қыз.
Өтуге қыл көпірге келгендей боп,
Күйеудің қойнына барады қыз.
Күдікті күйікпенен, көлгір жайнап,
Қалшылдап қайғырғансып басады аяқ.
Ұрысы махаббаттың әртіс әйел
Сол түні шыға береді рөлін ойнап.
Таң атса ілбіп басып, шаршап қалып,
Күйеу мәз, қуанышта ержаң салып,
Құдайға тәуба қылып шеше отырады,
Ескі дос терезені етер қағып.
Көңілді хабарды алып құдіретке,
Жебірейіл кейін қарай қайтты көкке.
Асығып алла күтті өз сырласын,
Қарсы алды оны бөлеп рақыметке:
«Не болды?» —
«Мен істедім бәрін дағы,
Қолымнан келген аяп қалынбады.
Мен аштым оған» —
«Сонда ол не деді?»
«Мария дайындалды, дайындалды!»
Есітіп қыз хабарын алла тынды,
Тағынан үндеместен түрегелді.
Ым қағып, қабағымен айбындырып,
Қасынан періштенің бәрін қуды.
Сан жетпес перзенттерін тыныштаған
Гомердің құдайының ісін қылды.
Мәңгіге Греция діні сеніп,
Зевс жоқ, болып алдық біз де ақылды!
Қандырған құмар, қызық әлгі есінде,
Мария маужырайды төсегінде.
Тілекпен манауратып, өртейді жан,
От жалын, ойнаған қан денесінде.
Сүйгенін күтіп, сырлы сыйлық сақтап,
Жебірейіл кел дегендей жайып құшақ.
Жылмайып денесіне көзін салды
Көрпесін аяғымен серпіп тастап.
Ағартқан қараңғыны — түн пердесін,
Сұқтанды сұлу көріп өз денесін.
Тәтті ойды таңға талды ойлай-ойлай,
Құйынсыз қуаныштан ішіп сусын.
Тәтті оймен көркем Мария күнә қылад,
Сұм сайтан мұнысына мәз боп тұрсың!
Ал енді! Сабалақ жүн, ақ қанатты
Бір кептер терезеден қанат қақты.
Айналып, қыз үстінде жалп-жалп ұшып,
Көңілді үн бергендей әннен тәтті.
Талпынып қыз тізеге қағад қанат,
Қасына роза гүлдің ұшып қонад.
Қалшылдап, гүлді аймалап, шоқып-шоқып,
Тұмсығы, тұяғымен талаптанад.
Дәл өзі! Анық өзі! — Ұқты Мария,
Біреуді кептер кепті мейман қыла.
Ышқынып, тізе қысып, қышқырды қыз,
Алқынып, дұға оқынып, қалтырана.
Жебірей қыз жатыр жылап, ақ кептер шат,
Ыңырсып, дірілдеткен от махаббат.
Бір тәтті маужыраумен қалды құлап,
Гүліне махаббаттың жауып қанат.
Кетті ұшып кептер.
Қызда шаршау, ойлау.
«Тентектік шектен шыққан болды-ау мынау!
Бір, екі үш! — Қомағай не еткен бұлар?
Түстім-ау талай күйге, талай тонау:
Сайтанға, періштеге, құдіретке —
Бәріне бір-ақ күнде берілдім-ау.»
Айтуда, падишасы күллі әлемнің,
Баласын жебірей қыздың депті өз ұлым,
Ал бірақ Жебірейіл (күндес тағдыр!)
Қоймады келуіндегі ұрлануын;
Біріндей көптің, көніп Жүсіп шал да,
Кінәсіз бұрынғыдай Мария алдында,
Айнасыз өз ұлындай жақсы көрді,
Сол үшін жарылқады оны да алла.
Әмиін-әмиін! — деп біткен жерін
Неменен бітіремін әңгіменің?
Ежелгі есерлікті мәңгі ұмытып,
Жебірейіл, жыр жырладым, қанатты ерім.
Басылған ішек күйін тарттым саған,
Жүректен күйді, жанды қолдайтын ән:
Дұғамды тыңда менің, сақта мені!
Мастанған махаббатқа мен есалаң.
Сұлуды жас, құдайды құштым, бұздым,
Күнәкәр, сайтанға дос, болдым азғын.
Қабыл ал тілегімді, көз жасым көр,
Күнәм кеш, тәубә, тәубә, тәубе дедім.
Өзгерем, жақсы үмітті жолға кірем:
Көз түсті Еленаға, жақсы көрем.
Сүйкімді ол, дәл майысқан Мариядай!
Өмірге жаным жүрер әмірімен.
Сөзіме көркемдік бер, күнә жазба,
Ұнаттыр Еленаға, отын қозға.
Болсын бұл қанағатым, махаббатым,
Әйтпесе Әзәзілге қылам шажда!
Мінекей өтіп барад күндер тегі,
Басымды білдірмей күн күмістеді.
Ақ неке сүйіп алған әйеліммен,
Алтарьдің әлі алдында қосар мені.
Жүсіпті жұбатушы ойдағыдай!
Жалбарам, тізе бүгіп өзіңе ұдай.
Аңқау ер қорғанышы, сақтаушысы,
Жалбарам, жарылқай гөр кезде мұндай.
Бер маған бейқам тұрмыс, тыныш көңіл,
Тәтті ұйқы, үй ішімді көңілдендір.
Жақынға жан ашырлық, жарға сенім,
Жалбарам, маған ұдай жіберіп жүр!