13.06.2021
  150


Автор: Ілияс Жансүгіров

Мавзолей

Москва...
Көше...
Лық - лық.
Жөңкіліс,
Жүріс,
Тық, тық.
Автобус
Құқ, құқ!
Автомобиль
Пық - пық!
Трамвай,
Тыррр - тыррр...
Фабрик, завод
Күрр - күрр!
Бұрқ - бұрқ.
Жанған жазу
Жайған мүлік.
Газет!
Газет!
Қызық!
Қызық!
Аспан,зәулім
Қабат - қабат
Кремль,
Сағат
Шық - шық.
Қызыл алаң.
Ол - дария,
Күндіз ағады.
Түнде тынбайды,
Селдей қаптайды,
Сендей соғады.
Қыбыр - қыбыр,
Жыбыр - жыбыр,
Қайнап қан
Қайнар өмір,
Шегіртке шірет.
Құмырсқа рет,
Бір - бір басады.
Жылжып келеді.
Пропуск,
Билет береді,
Қайда береді?
Қайда кіреді?
Кімді көреді?
Соқты сағат,
Қапты
Пәлен минут.
Ауған шалма,
Араб башмақ,
Өзбек шапан,
Қазақ тымақ,
Неміс кепкі,
Американ қалпақ,
Самосд тон,
Бұйра негр,
Ағылшын таяқ.
Үнді желек.
Қытай аяқ.
Жылжып, ілбіп,
Келеді таяп.
Барлық әлем
Өтпек қарап,
Еңбекші жұрт,
Езілген тап
Мавзолейге
Етпек тауап!
Әне Ленин,
Әне құбыла.
Текше - текше
Ұшырмада
Орақ - балға,
Жұлдыз танба.
Мықты күзет,
Қос босаға.
Шошақ телпек,
Сұрғылт шинель,
Қызыл жаға.
Мылтық істік,
Көз қырағы,
Оңға, солға.
Жылжы төмен,
Қызыл ұя.
Барқыт бесік,
Қызыл шұға.
Ақырын аяқ...
Ақырын жүрек...
Саспа...
Міне сен де,
Жер қойнында,
Ақырын халық.
Электр шам
Қызғылданып
Тұр жанып.
Сұрғыл өңмен
Тұр көлденең.
Мәңгі төсек
Баптап салып.
Өмірден, желден
Қымтап жауып.
Киімшең қолын
Қаусыра алып,
Омырауына
Орден тағып.
Көз мықтан,
Көңіл, сақтан,
Кетпе ағып,
Ақырын аяқ,
Бекін буын,
Мықтанып.
Ұлы басшы,
Ұлы алып
Тыншығыпты
Тыншу алып.
Міне Ленин,
Miне құбыла,
Міне бес жыл
Ленин мұнда.
Әне сыртта
Ұлы майдан,
Туы қолда.
Жолы - сара,
Айтқаны - ұран,
Ісі - мұра,
Майдандағы
Миллиард құлға.
Сол соғыста
Алған әлем
Басшылыққа,
Туы қолда,
Компартия!
Қойған әлем
Мавзолейін
Қарауылға.
Аты мәлім,
Жер шарында,
Аты ардақты
Сорлы жұртқа,
Мың - мың құлға.
Оқып сөзін,
Тігіп көзін,
Қосқан жырға.
Әке мұнда,
Жер қойнында.
Қансыз, жансыз
Ұлы ұйқыда
Бір тұлға.





Пікір жазу