Көш - жөнекей
Жалындап шығыс жиек талауратып,
Күн шықты, жаздың таңы баяу атып.
Бозторғай көкке шықты күнді мақтап,
Көмекейі бүлкілдеп, қоңыраулатып.
Кезімді көкке тігіп шаңырақтан,
Жырға ұйып тыңдағанда ояу жатып;
Қозы алып, қой өргізіп келген шешем
«Тұр - тұрлап» мазамды алды манауратып.
Қынжылып тұрдым азар төсегімнен,
Күл қаптап бет - аузымды шешем үрген.
Желбегей шекпенімді иінге іліп,
Лашықтан шықтым, қарап күнге күлген.
Құлпырған, тоты құстай жасыл дала
Құжынап құрт - құмырсқа, шыбын өрген.
Мен - үйрек, шалғын - айдын, көгал гүлдей,
Жоталап келе атырмын әлгі түрмен.
Балбырап тамылжыған төңіректі
Шолыдым былшық көзбен қоңыр дөңнен.
Ойнақы - сұлу сағым мұнарланған,
Бәйшешек, шалғын, шайыр шұбарланған,
Күпіні күншуаққа жайып тастап,
Қойшы да бит қыруға құмарланған.
Қыңсылап адасқан ит, тай кісінеп,
Дауысқа құлақ салдым құрайлаған.
Жөңкіліп сағымменен көшкен бұлттай
Өзеннен бір қош шықты мұнарланған.
Тал, қамыс салаланып мәуе төгіп,
Жапырақ жалпайысып шыққан бөгіп;
Майысып ақ кербездей сұлу сөңкел,
Тәлімсіп келіншектей құрақ, шілік.
Көлде той. Көктен үйрек топ - топ түсіп,
Шағала табақшыдай қарқ - қарқ күліп;
Қырында қызғыш қақсап жер қорыса,
Көбелек өшіккендей өрілді өріп.
Осындай әсем маңай ортасынан
Қызыл ту, қызыл жайнақ, көшті бастап
Көшбасшы Қоңыр дөңге шықты желіп.
Кедейдің толастай ма сор қырсығы,
Қараша үй, біздің ауыл ығы - жығы.
От өшсе, от басынан көк көздесек,
Жұлдызды санататын үй жыртығы.
Өмірдің өзгерісі - көші - қоны
Қараңғы қай мөлшерде тұрғандығы.
Салт - сана, әдет - ғұрып томағалап,
Тозғындап қымтырылған ел қылығы.
Бозбала, ауыл қылжақ, алаңғасар,
Қараңғы ел, жұбатпас жас қылтыңы.
Әне, анау жер күңірентіп көш те келді,
Қанғандай көрініске көңіл қыбы.
Тарс көміп будақ түтін, төңкеріс боп,
Жайратты қасқырларды көш мылтығы.
Көш қандай? Аттанғандай жер түбінен,
Болжалдан таң қармалай көшкен білем.
Қып - қызыл қырғауылы сияқтанып,
Қырмызы құлпырады жапқан кілем.
Сапталған сая еді бозбаласы,
Жас өрім жауға қорған жастар кілең,
Жапырлап жасағымен жас келеді,
Сәйгүлік мінгені де құнан, дөнен.
Төгілтіп бүлдіргелі жез қамшысын,
Ыңырсып, күн ұялтып, айтады өлең.
Қоңыр қаз көш үстінен қиқу салса,
Қыз мінген кісінейді арда күрең.
У да, шу! Деген осы «ел көшкендей»,
Ел түгіл осы көшпен жер көшкендей.
Көлденең шөгіп жатқан көш жолында
Алатау аспанымен тілдескендей.
Жымыңдап ерулікпен көктен күтіп,
Көркіне көшкен елдің күн де өскендей.
Көшбасшы төңіректі көзбен шолып,
Тұнжырап тұрса біраз сірескендей.
Тосырқап көшбасшының түсі - түгін,
Қаңқиып қатып қалдым тіл кескендей.
Ауылға жөңкілген көш ойқасқан соң,
Көшбасшы болды ауылға тілдескендей:
«Ей, байғұс, езілген ел, сорлы кедей!
Елдіктен кетіпсің ғой «өлдім» демей.
Дәуірдің қопарылып көшуінде
Жабығып жатқаның не түк үндемей?
Қалыпсың бұйығы боп қорғалақтап,
Алданып бір күркеге шөмеледей.
Көшінін көрінгеннің жолындасың
Алмай ма әркім ұрып бөденедей.
Бұл дала. Құрттайсың ғой, маса, шыбын;
Қойынды күнде қылар қасқыр шығын.
Шыққандай өрттен, жұттан ауылын түрі,
Үйіңнің өрт шалғандай туырлығын.
Бұл қоныс елдің шеті, жаудың беті,
Түбіңе жетпес пе екен осы құрым.
Қанаттас өзіңменен ел болмаса,
Нашарлап жойылмай ма тұқым - түбін.
Жылтырап сөнген оттай құрып кетсең,
Бұл елдің қайдан таптық жұртшылығын.
Таласты көш тырмысып ала асқарға,
Болжал жер социалдық таудың төсі.
Әне анау, күн астында жалтылдайды
Өрлеген көштің күміс үзенгісі.
«Кетелік осы көшпен - ауылыңды ала,
Бол қамдан, көлік ұста! - деді басшы.
«Ақсақал, олай болса көштік», - дестік,
Көл қойысып көлік ұстап, үйді шештік.
Мінеки жылдан - жылға көшіп өстік,
Еркіндік, тендік, енбекші үстемдігі
Сияқты көштен көлік, олжа үлестік.
Кемеңгер көшбасшының көмегімен
Ілесіп ұлы шаңға біз де көштік.