Жетісу суреттері
Жалпы сын
Жер таппан жерге жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған,
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын.
Жетісу, кеудең асқар, аяғың қол,
Қоңың құм, мықынында бар сексеуіл.
Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап,
Ол бір маң мал есірген өлкедегі ел.
Көктемде құмнан әсем жер болсын ба,
Жайқалып жауқазыны, раң гүлдер.
Бойдағы бозбаладай асыр салса,
Қозысы құйрықтанып дөңгеленер.
Шөгіскен шоғыр асқар қатпарланып,
Қия құз, мұсатыр мұз жақпарланып.
Емес пе көк ала бас ақ буралар,
Оралған шудалары мақпалданып.
Саятта аң аңдыған ол бір мерей,
Мылтық, ап, бүркіт ұстап, қақпан салып.
Таудағы тас жаңғыртқан қойшы әндері.
Қайырлады еткенімен сақпан саңық.
Айқыра ала асқарлар жатыр шөгіп,
Жер жаншып, көктің көлбеп төсін еміп.
Ойнақы, құба, тарлан тағы андарын
Тәбеті тау - тасына қонған теліп.
Құлпыртар құмда соққан қоңыр самал,
Мәсімнің масатысын желі желпіп.
Қар кетіп, қара жері жасанғанда
Қонбасын қалай құсша елі келіп.
Ескінің ертегі айтсам ертесінен:
Жетісу қан малшынған белшесінен,
Алайда айналармын, айтам әлі,
Шыға алмай жүрмін әзір жер шетінен.
Тау суреті
Тарбиған Тарбағатай жердің құты,
Барлық - ел «қыдыр түнеп көшкен жұрты».
Оранған ақ кебенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.
Ертеде сол асқардың сәулетіне,
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты.
Ақшұнақ, Жабағылы, Мың шұқыр, Таз,
Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрқы.
Аршалы, Амантекше, Қарасырық, Қараүңгір,
Қалмақасу, Қаражырық. Сауыры Салқынбел мен
Сайымбелек, Суығы соғып тұрады аласұрып.
Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,
«Бәйгеге» қосады өзін таң асырып.
Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге,
Қойыпты сәукеледей жарастырып.
Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,
Құр жатпас қора мұзбен жүгенделмей,
Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,
Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,
Талақтай талаураған Баянжүрек,
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей».
Мұрыны Мұзбалақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдейі тірелгендей.
Қар кете қарлы аланы қақ айыра,
Қаптағай қаптай көшеді Бүйенді өрлей.
Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды,
«Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей.
Көкжамбас, көл Көпірлі таудың көркі,
Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі.
Ақиық Демікпеден алған адам,
Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі.
Қоңыртау қорқатыным бала жастан,
Жыланы түрі жаман - түкті, түрпі.
Түнімен тау күзеткен, таста айтақтап,
Дуана заржақ байғыз шайқы - бұрқы.
Талғар тау тарғыл ала шоқы биік,
Асқақтайды емшегі, ерні көкке тиіп.
Арқырап асқарынан құлаған су
Бауырын балбыратқан еліне иіп.
Малға жай, елге жайлау Ұшқараштың
Сүбесін мекендеген суыр сүйіп.
Асы - астау, отырған ел - өрелі құрт,
Құрт жайып қодырайған Бақай биік.
Албыр бет Алматыда алма әдемі,
Алғандай ақтамақты ауызға үріп.
Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт - ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей.
Текестің көкке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың тересіндей.
Мыңжылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей.
Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үшкүлше құрттың жайған өресіндей.
Алыстан ауыл әрпін абайласаң,
Сүйекті баймөңкенің шегесіндей.
Сүті ағып сорғалаған
Ұшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей.
Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға,
Өрнегі шербеністің билетіндей.
Осқырып теріс айналған
Түптің суы,
Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей.
Жыландай ирең қаққан Иірсу да
Білдірмей тау іргесін сөгетіндей.
Лабасы төрде жатыр төс табандап,
Шоңқиып малды ауылдың төбетіндей.
Бота жүн, бозғылт, күрең шалғын біткен,
Жайлау жоқ Көктөбенің төбесіндей.
Жарбиып осы өреңге ықтырмалап,
Қоңырқай Қулық судың бөгетіндей.
Ешкідей үркіп шыққан
Шоладыр тұр,
Қасқырдан бір тықырды көретіндей.
Телміртіп
Текес аса ай туады,
Тайыншаның тарғыл ала зересіндей.
Жайлаудың ортасында
Тұзкөл жатыр,
Жарқырап төбел таздың төбесіндей.
Айналсоқ ала асқарда сасық мұнар,
Тіміскіп тос түртпесе өлетіндей.
Қыз емшек қызыл сүйір шоқылары,
Томсартып тұман сүйіп өбетіндей.
Меңіреу мөлдір қара бұлт қоршайды,
Сұлуға жұпар бүркіп себетіндей.
Баладай былдырлаған сақау самал,
Қойнына әжесінің, енетіндей.
Тұмсығы
Торайғырдың түгел орман,
Сол таудың тыныс тартар өңешіндей.
Таппайсың
Үшмеркіден ұшы - қиыр,
Қарағай қара шашты өретіндей,
Басы мұз, зәулім жақпар, дүлей тоғай,
Барлық аң бір шатқалдан өретіндей.
Мақтайтын ертедегі
Иран бағын,
Сол жаққа барған кісі көретіндей.
Томардай тұтқыл күйген, тұлан тұтқан
Сорлы тау неге болсын
Сөгетіндей.
Қып - қызыл жамағандай тауды мыспен,
Қорғасын қорығандай су - күміспен.
Құймақы, қожыр қара жақпарлары,
Арналып отырғандай алып күшпен,
Таутеке, марал, бұғы тағылары,
Тау - тасын мекендеген жазы, қыспен.
Картадай қатпар - қатпар қаптал жатыр,
Тазы ертіп, күзгі карда шықсаң құспен.
Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік,
Желіктен кісі аман ба қымыз ішкен.
Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен,
Басына кешке таман Шырғанақтың
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен.
Ал сонда алды - артыңа көзді салсаң,
Оңды - сол, көз жетерді шолып алсаң,
Бұлдырап көзін шалып Түптің суын,
Албанның қонысына қайта айналсаң:
Қылқиып қыры кеткен Қызылауыз,
Кетпен мен Кенеу кербез жатыр алшаң,
Томпиып томағадай Сарытау тұр,
Қарасай - ер қапталы атқа салсаң.
Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта,
Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң.
Шалкөде шүйгін шөпті құтты жайлау,
Сонда дейді сүзбе тұзды бара қалсаң.
Жер бар ма зәу
Бақайдан көрінбеген,
Жүйеге тау қалсын ба бөлінбеген.
Көресің алдындағы дастарқандай
Жерлерді Теріскей, Сырт, Төрің деген,
Лабастың саласын да шолар көзің,
Тұлымдай тобыс соққан өрілмеген.
Аса алмас алғыр қыран ала асқардан,
Өңкілдеп өзен қалай төгілмеген.
Шығысқа беттей төрe жатқан таулар,
Құшысып, сүйісіп түр көгіменен.
Меруерттей жалтылдайды күңгей
Мұзарт, Көз түгіл үңілесің көңілменен.
Құзары Құдырғының құлдыр шұнақ,
Өрікті ол біз биедей желіндеген.
Ақсақал, Байсауырын, Тайсауырын
Жалмауыз шығар көктің көгін жеген.
Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен.
Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу,
Мұз көйлек көк мұнармен белін буу.
Көлдегі көп шағала ортасында,
Тартпасын көзді қалай айдында аққу.
Өзгені үйме - жүйме отырғызып,
Ортада бір ақсақал кеңес құру.
Қайырып топты үйірін бір боз айғыр,
Жусатып, қалғып көзін ашып - жұму.
Осыған ұқсамаса сөкші мені,
Басына Кіндіктастың қарап тұру.
Жетісуда су суреті
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудің
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,
Тұмсығын тас қаққанша еркіндейді.
Бұлқынса анда - санда ала бура,
Жетісу желпең қағып селкілдейді.
Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,
Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап,
Асқардың ақтарылған ағы емес пе,
Қарқ болған қырғыз - қазақ суын сулап:
Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:
«Қолың бер, күт, береке» дейді «тұмақ!»
Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін - Дулат.
Шымырлап Іле қайнап құмды кезген,
Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,
Алыстан арып көшкен керуендей,
Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,
Елге де, егінге де қарайласпай,
Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.
Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,
Естісең ертегіні ескі сезден.
Арқырап асау Шелек орыпты тас,
Бурадай бұлқынады көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.
Айдынды айдағардай күміс көл бар,
Алысқан таумен, таспен алып болмас.
Қожыр тас қопарыла құмға айналып,
Жарпымен көшіп жатыр боп жым - жылас.
Қысылып қыспақтағы қыл көпірден,
Албандар өтеді азар деп «ақ сарбас».
Көпірген Көксу көл бар басы бастау,
Тау жуып, тасты қуған содыр суы,
Дегенге көшпелі әйнек суы ұйқастау,
Ақылдайды арнасында меруерт астау.
Жалбасы, Шаған, Бұғы мүлгиді оған,
Шалдуар шалдай қалғып шала мастау.
Жар жарып, жерді жиған Көксу көл бар,
Бейне бір Жалайырға шабатын жау.
Ақырап айқай салған Көксу алып,
Жазыққа шыға келсе үркіп ағып.
Егінші, ылғи диқан Жалайырлар
Үлеседі үй басына тоған алып.
Сол елдің қыдырынды қыдыры сол,
Сар бала, қарақазан болып қарық.
Мөлтеңдеп мойнақты орай Қаратал да,
Көксуға қойындасады жарды жанып.
Қосылып екі ерке су, екі сұлу,
Балқаштан қалың құмға кетеді лағып.
Жетісу жәндігі
Баяғы баяғының заманынан,
Асқарда шың мекендеп, жайлаған аң,
Тағылар тарғылтасқа баурын төсеп,
Бар тышқан қоныс алған балағынан.
Жасанған театрдағы ойыншыдай,
Құздардың көрінеді аң алаңынан.
Қиынның жынысында бар деседі,
Сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан.
Кәдімгі қасқыр серек, қарақұлақ,
Шуылдайды шиебөрі үй артынан.
Кәдімгі қарсақ, сусар, бұлғын, жанат,
Сол таудың іздейді аңшы ту сыртынан.
Таутеке, асқар, құлжа, қарақұйрық,
Көруге болады бәрін жайылымнан.
Маралды мал ішінен атпен қуып,
Әкеп жүр ауылына айдап Албан.
Тазқара, балтажұтар, ақбас құмай,
Бұлақта отырғанын керем ұдай,
Жарғақ бас, жұртшы, саржақ су бүркіттер,
Құмайдың. қоғамында құдасындай.
Лашын, тұйғын, тұнжыр, тынар, мықи,
Ителгі, бәрпі, қырғи, құр, тұрымтай.
Бидайық шында ғана болады деседі,
Бүркітпен барымталы ел ала жаздай.
Тығанақ, үкі, ақсары, құладыңдар
Сықылды толып жатыр мөжен - томпай.
Албандар атын атап түстейтұғын,
Мінеки Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқбас, сипті, шымшық;
Шапшақай, майлық, маубасбұқа, шөже,
Тоқылдақ сан - сапалақ атаулысы
Айтарға сай - салада жүр лықсып,
Тас жарып, балақ біткен шынға шықсаң,
Күй тартар той қылғандай торғай сыңсып.
Көркемі көбелектің сол сайларда,
Гүл шолып, жүрер ойнап ұшып сып - сып,
Үстіңнен аю тасты сылдырлатса,
Самайдан ішкен қымыз шығар шып - шып.
Жер түгі
Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз - ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,
Сары ағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды ағаштардың талайы бар.
Биікте бітеді шөптен сарыкүйік,
Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,
Қымызын сарыкүйіктің, ішеміз деп,
Албандар қоныстайды құстай биік.
Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес,
Сүттіген, ендік, мейіз, киізкиік,
Ақшалғын, көкмарал, бетеге, раң,
Жапырақтеңге, бұйра қисық иық,
Балдырған, қорғасын, атқұлақты,
Елік жүр сонысында соны қиып,
Жүлкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр.
Сауыны бие емшектің кеп түр иіп.
Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,
Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ,
Ішінде сол қурайдың сұлу солар,
Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,
Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып,
Бөлінеді жуалар мен таусарымсақ.
Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,
Ат қойған тау елінде сүйіп шын - ақ.
Өріске біткен осы өңкей сүттің
Ішінде бір сүйкімсіз отыр бір - ақ:
Қалақай қара тарғыл ол айтқаным,
Сүйеді сүйкенгенді шымшып, бұрап.
Өзге жан өмірі оған жоламайды.
Төңбекшіп түйе жесе қалар құлап.
Шалқиды шалғын көлдің қамысындай,
Атқұлақ Тасарықтың тарысындай.
Үш қырлы, сұлу сырлы айылқияқ,
Кіндігі қырғыз өрме қамшысындай.
Селтеңдеп сепсе қурай сырға қадап,
Саржағал сәлемдеседі танысындай.
Жуалар шайқаңдаған ол бір кербез,
Шалма орап мұсылманның абызындай.
Құстаңдай самал соқса сыбырласады,
Әзілді әйел, ажын - абысындай.
Солармен судырласып ойнайды жел,
Дүрмектің қақпар тартқан шабысындай.
Неше елді аттандырған құтты қоныс,
Әлі тұр әсемдігі таусылмай.
Суретін сөз баяндап жеткізе алмас,
Жерінің Жетісудың бәрі сондай!