13.06.2021
  232


Автор: Мұрат Бекей

СЕН ЖЕТІМ ЕМЕССІҢ

Сен жетім емессің,
Ұйықта,құлыным.
Жетімдіктің жайын біздерден сұра.
Ғафұр Ғұлам.

Сен жетім емессің,
Жетім сезімдер
Қуыс кеуделерден иман безгенде.
О Алла! Ақынға мықты төзім бер,
Жүрек ақыреттің лебін сезгенде.

Сен жетім емессің,
Жетім тағдырлар
Тілі мен рухынан тірі мақұрым.
Жолдар торабында басы қаңғырған,
Еліктеу-солықтау шайған ақылын.

Сен жетім емессің,
Жетім табиғат
Аясынан безіп кеткенде марал.
Түбіне бүгінде қайық қайырлап,
Түңіліп тірліктен кепкенде Арал.

Сен жетім емессің,
Жетім ғой Муза
Ақын жаны болса өзімен әлек.
Пегастың шідерлі көзінде ыза,
Үнсіз қожайыннан күтуде дерек.

Сен жетім емессің,
Жетім жүректер
Бәрінен де осы батады маған.
Жармай ұшып тобын қаздар,үйректер,
Қалғанда аяудан адамды адам.

Сен жетім емессің,
Қорғансыз қозым!
Жайын жетімдіктің сұра біздерден!
Ақынның керексіз,өтімсіз сөзі,
Бүгін адамзаттың сұры өзгерген.

Сен жетім емессің,
Ұйықта,құлыным!
Қасыңда отырып мұздайды ішім.
Бәлкім,сен асылдан қалған сынығым,
Жіберілген мұзды қозғауың үшін!





Пікір жазу