13.06.2021
  211


Автор: Марфуға Айтқожина

ЕКІНШІ ЖЫР ТАУДАҒЫ КӨЛ

Күннің көзі қайта ашылды кенеттен,


Жаңа ғана —


Жаңбыр жауып,


Сел өткен.


Шайқалады шөптің басы сусылдап,


Сұлулық та —


Алуан түрлі себептен...


Тау жолының «азабынан» арылып,


Тайпалады күрең жорға ағылып.


Терең сайда


Бұлт бауырлап барады,


Жол береді


Самырсындар жарылып.


Тау жолдары мені қалай састырмақ,


Тау ертегін өскен жанмын


Жас тыңдап...


Көңілге бір желік пайда болғандай,


Өткелі жоқ,


Өзен жатыр тасқындап.


Табанында осынау зәулім шындардың,


Құпия сыр сандығындай жылдардың —


«Тәңір көпір» таңдандырып біздерді,


Енді көрдік


Жасырынып тұрғанын.


Алып үңгір.


Тауды кеулеп соншалық


Төне түскен жартастар да


Тамсанып.


Жанарындай жарқырайды айна көл,


Келгендерді


Құс әнімен қарсы алып.


Құстар сайрап,


Ұшып-қонып секірген,


Бөгде дыбыс естілмейді лепірген.


Қарап тұрсаң кел қасынан жоғары


Алып үңгір —


Аумай қалған көпірден.


Тасқа ұрынып жарқанат жүр жаңғалақ,


Жартас бетін кеткен кімдер


Таңбалап?!.


«Бір мың сегіз жүз жетпіс сегіз жыл», — деген,


Жүрегімді тұрды сол сез


Әнге орап...


Сол жазулар —


Салтанатты сән құрып,


Ат тұяғы дүбірлейді жаңғырып...


Өздері де


Осынау зәулім шындардай,


Серттерінде тұрған екен мәңгілік!





Пікір жазу