ЖАМАҒАТ ЖАРТАСЫНДА
Жамағаттың жартасында ойланып,
Отырды ақын, әр қиялды
Ойға алып...
Отырды ақын,
Жыр отымен алаулап
Аққу арман,
Қанат қағып айналып.
Ақын ойы бара жатты қырды асып,
Жанында оның —
Жаны сүйген —
Жыр — ғашық!..
Отырды ақын,
Өкініш өртеп өзегін,
Қарт Кавказдың «тұтқынымен» сырласып.
Кезді талай Кавказдың
Өр заңғарын,
Өлеңге өріп шыңның қатал заңдарын...
Батар күннің шұғыласына
Бояды,
Кекті жырмен суғарылған —
Қанжарын...
Сен жаныңның қаламадың тыншуын,
Сені өзгеден аулақтады
Шыншыл үн...
Кіршігі жоқ жүрегіңе ұқсаттым,
Құрғақтағы мөлдіреген түн шығын.
Толғап күйін,
Тілін ұқтың Теректің,
Қайыспадың,
Қаламыңды жебе еттің.
Зіл сыйламай,
Жыр сыйладың өмірге,
Өзі де сол, адамзатқа керектің.
Ақын ойын тек —
Ақымақ шектеген...
Бәлкім, содан тұтанды ма
Кекті өлең...
Гүл ернінде уылжиды уыз жыр,
Ақырғы әні,
Ғашық дәмі кетпеген!..