13.06.2021
  207


Автор: Марфуға Айтқожина

АЙЛЫ ТҮНДЕ

Жолаушылар ағылады, тынбайды,


Теңіз үні —


Толастамас


Түнде айлы.


Сұлу толқын ақ сәулеге малтығып,


Самал есер,


Еркелеткен тым жайлы...


Салқын ауа,


Саумал самал желпіген,


Жұпарына шыршалар да елтіген.


Жағалауда ойға батқан ормандар,


Серуендеймін,


Бос қиялдан серпілем!..


Кезіп кетсең,


Ұзақ түнге оралмай,


Көңіл сонда сырлы үндерге толардай.


Жарқырайды қою түннің


Төрінде,


Неткен жұлдыз,


Сол бір таныс жанардай...


Жымыңдайды жан сарайды жылытып,


Кейбір пысық уақытты да


Жүр ұтып...


Жалғыз қалып ақын отыр жағада,


Өзге тұрғай,


Өзін-дағы ұмытып.


Шалқалайды жаңа ғана туған ай,


Теңіз-дағы


Толастады туламай.


Теңіз күйі жүрегіме ауысып,


Неге мені бара жатыр тыңдамай...


Басыла ма,


Мына дауыл үдей ме,


Қандай шара,


Тілге көнбес дүлейге.


Тымық түннің құшағына сыя алмай,


Найзағайлы жаз нөсерін тілей ме...





Пікір жазу