ЖАҒАЛАУДА
Белгісіз теңіз кәні,
Бұлты кәні,
Тұтасып аспанға бу ұмтылады,
Тентек қой,
Теңіз жаны көнбес тегі,
Көк сүңгі бұлт астында бұлқынады.
Сытырлап мұз құрсауы жыртылады,
Жалаңаш
Кеудеден бу бұрқырады.
Көк Балтықтың үстінен
Көлбеп жатқан,
Тұтасқан —
Толқын-толқын жыр шұбады.
Қараймын шұбатылған жыр көшіне,
Қашанғы берік екен іргесі де.
Райнистың
От-жалынды жырын естіп,
Ризамын
Аспазиямен сыр кешуге!..
Көп болған шығар ақын —
Күндесі де,
Көп болған шығар жүрек —
Үндесі де.
Шертеді сыр бүгінгі бақытты ұрпақ,
Келтіріп сонау қатал күнді есіне.
Бұл күнде хақым бар ма мұң кешуге,
Сырлар көп,
Сыймас ғұмыр,
Бір кешіңе...
Өшіре алған жоқ оның дауыл үнін,
Қан тамған
Зұлымдықтың түрмесі де!..
Биіксің,
Адамзаттың күресінде,
Есімің туған елдің жүр есінде.
Айтшы,
Ақын,
Балтық болмай,
Кім болушы ең,
Тиген соң құдіретті жыр үлесіне!
Белгісіз теңіз кәні,
Бұлты кәні,
Тұтасып аспанға бу ұмтылады.
Тентек қой,
Теңіз жаны көнбес тегі,
Көк сүңгі бұлт астында бұлқынады!..