13.06.2021
  228


Автор: Марфуға Айтқожина

РАУШАН

Сыйладың аттанарда Раушан гүлін,


Қалай айтып әсерін таусам бұның.


Қараған сайын тағы толғандырып,


Жаныңның еске салар —


Жайсаңдығын.


Аумайды екен гүлінен


Алматының,


Қуандым мен,


Қалды өкпем,


Қалды ашуым...


Гүлің тұр терезеде үлбіреген,


Жақсы әннің тілегендей


Жалғасуын...


Біреуі —


Шоқтай қызыл алаулаған,


Оның талай айтары бар-ау, маған.


Біреуі —


Ақша бұлттай нәзік, ұлпа,


Ғашықтың жүрегіндей жалаулаған.


Біреуі —


Шыққан күндей қызыл күрең,


Ақынның жүрегіндей қызу білем.


Ой лама,


Ұмытар деп, аяулы дос,


Жүрермін гүлден көріп —


Жүзіңді мен.


Ақ гүлмен ырғалады жазық біткен,


Гүл сырын —


Тауса да алман жазып тіптен.


Еске алып жүрермін мен


Бәрінді де,


Осынау —


Гүлге біткен нәзіктікпен.


Озар уақыт,


Тозар-ау, гүлдің өңі...


Өзгермей қалар адам,


Кім біледі.


Табиғаттың гүлдері ескіргенмен,


Гүл — көңілім жаңарып,


Үлбіреді!


Қашан да раушан гүлің сақталады,


Құлпырады,


Жанардай шоқтанады.


Көз алдыма келтіріп тұрар дәйім,


Өзіңді де,


Гүлдері көп даланы,


Серуен құрған жер еді,


Деп баяғы!..





Пікір жазу