13.06.2021
  166


Автор: Марфуға Айтқожина

АППАССИОНАТА

Құшағы толғандай бір лала гүлге,


Шалқыды даласымен бала бірге.


Бетховеннің құдіретті —


Сазды әуені


Жетелеп


Жолаушыны барады үйге.


Серпе тастап өткен күн түндіктерің,


Шалқытып күй сазынан


Шындық лебін.


Шерлі сыр ақтарады


Күй сандығы,


Тұтқындап жан дүниеңді сұмдық сезім.


Ол күйде —


Жатыр жүрек суреттері,


Ол күйде —


Жатыр ғасыр құдіреттері.


Ол күйде —


Жатыр әне,


Ұшқыр ойдың,


Тұтасқан,


Түйдектелген тың лектері.


Ол күйде —


Жатыр заман тыныстары,


Ол күйде —


Жатыр жаздың күміс бағы.


Ол күйде —


Жатыр талай толғаныстар,


Осы күй —


Қозғау салар ұлы іске әлі!..


Ол күйде —


Жатыр талай құбылыстар,


Ол күйде —


Жатыр бұраң,


Бұрылыстар...


Ол күйде —


Асқақ ерлер даусы бар,


Жығылмас әділеттің туын ұстар.


Ол күйден —


Уақыт көші дүркіреді,


Адамның жортқан небір түлкілері...


Жан төзбес


Жауыздықтың жағасынан


Жаңа күші дәуірдің сілкіледі!


Құшағы толғандай бір лала гүлге,


Шалқиды даласымен бала бірге.


Бетховеннің құдіретті


Сазды әуені,


Жолаушыны —


Жетелеп барады үйге...





Пікір жазу