ЖАЙҚОҢЫР
Жайқоңыр әннің аты жайма-шуақ,
Кеткенсің қайран өмір,
Қайда шуап.
Әнші Естай,
Ақын Естай арқадағы,
Өшпейтін жағып кеттің әнге шырақ!
Байты өзің жүрген Қараөткелің2,
Таусыла қарап тұрмын тағат-демім.
Толқынға тоғытылып бара жатыр,
Ақын қиял нағылған қанатты едің!
Келгенсің қашаннан да асып өрең,
Арқаның қарттары да,
Жасы да ерен!
Сияқты Жаяу-Мұса,
Әнші Майра,
Өзіңнен тараған ғой асыл өрен.
Өзіңнен тараған ғой асыл өрен,
Исадай етпесем де тасып ерен —
Сарадай саңлақ шыққан ауылданмын,
Тот басып жерде жатқан жасық емен!
Тот басып жерде жатқан жасық емен,
Ақынмын,
Азаматпын,
Ғашығы — өлең!
Елім бар өнерімді қадірлеген,
Жазамын көздің тұнық жасыменен.
Шалғайдан келгем Шығыс-Түркістаннан,
Жанарымнан сағыныш бұлты ұшталған.
Өнердің тұнығынан жүзіп ішіп,
Мен едім жастайынан жыр құшқан жан.
Мен едім жастайынан жыр құшқан жан,
Жасанды сөзден аулақ,
Білгіш жалған....
Келгем жоқ өз бетіммен елді тастап,
Үйіріп алып келді бір күшті арман!
Екпіні — қара дауыл,
Жігіт — арман,
Шерімді шерте білген,
Жібіте алған.
Тұстарда басымызға бұлт үйрілген,
Шақырған қолын бұлғап үміт алдан.
Ол күндерді мен әсте ұмыта алман!
Шығыста бір өзен бар Іле деген,
Іленің толқындары іледі өлең.
Тұнығы сол Іленің кетерімде
Тілеуін ақындардың тіле деген!
Тілеуін Атамекен тіле деген,
Сырласып көріп пе едің Ілеменен.
Мойныма таққан оның бойтұмары,
Содан ба жұбын жазбай жүреді өлең.
Содан ба жұбын жазбай жүреді өлең,
Түнетіп шындарға да түнемеген.
Кетпедім азып-тозып,
Келсем де «ауып»,
Жандармен бірге жүріп жүрегі — өлең.
Қала бар Құлжа деген шығыс жақта,
Табады жаным содан — Тыныс тапса.
Еңсесі биік болып көрінеді,
Арасы елмен елдің тыныш жатса...
Тауы бар сол бір елдің Тәңір атты,
Жүрегім жылағанда — Таңы уатты.
Тәңірдің ұрпағы бар жаны жақсы,
Уықтай ұстап тұрған шаңырақты.
Күй шертіп кешегі бір қиын күннен,
Бұлттардан ақ жаңбырдай құйылдым мен
Бір балаң тағзым етіп келді,
Естай!
Бөлесін шуағына үйірлі іргең!
Жолаушы емес едім тегін жүрген,
Жырменен таныстырдым тегімді мен.
Аяулы ақын бабам,
Білгің келсе,
Келесің бірге жасап өзің бізбен.
Атағың ұрпағыңмен жасай бермек,
Мүсініңді тастардан қашайды өрнек.
Қараөткелде ескерткіш болмағанмен,
Әндерің жүр ел асып,
Аспанға өрлеп!
Болса да бойда сабыр,
Тағат-төзім,
Қаныма бара жатыр тарап сезім.
Қорландай ару әннің шын бапкері,
Асқақ ән,
Киелі аруақ,
Қазақ та өзің!