ЛАҒЫЛ ЖҮЗІК
Алыстан баурап-тартып,
Бағындырып,
Сағымға оранады,
Сағындырып.
Жүрсем де Алматының бау-бағында,
Тыңдағам талай-талай әніңді ұйып.
Тұрасың жұмбақтанып,
Сағым киіп,
Төсеген қыраныңа тағың биік.
Көзінің жауын алған көрген жанның,
Жасыбай!
Жарқыраған лағыл жүзік!
Самырсын да,
Шырша да саянда тұр,
Суреттеуге жетпейді-ау,
Бояуға тіл.
Жасыбайдың күзетіп тыныштығын,
Кірпік ілмей қарап тұр Баян батыр.
Жатырсын сен жүзіңді тұмшаламай,
Жұпар исі аңқыған,
Шыршалар-ай!
Тең келе алмас сендегі сұлулыққа,
Биіктен саған қарап тұрса дағы ай!
* * *
Бауыржан десе, Бауыржан,
Елгезек бала, тәуір жан.
Келді деп ақын алыстан,
Жүгіре шықты ауылдан.
Шылбырын ұстап тұлпардың,
Сипалап жатыр сауырынан.
Өмірден қанша үміткер,
Бар шығар басқа жігіттер.
Қонақ келді ауылыңа,
Мойыныңды бұрып көр.
Ат арытып жүріп көр.
Білерсің кісі қадірін,
Жұмыс басты,
Жігіттер!..
Қолына алып кетпенін,
Орады диқан еккенін.
Менің де асар мерейім,
Еңбегің жанса тек сенің.
Үмітін артқан елің бар,
Шығарар шыңға кеп сенім.
Тұлпарлар жортқан мекеннен
Сен де еніп,
Көктедің...