13.06.2021
  227


Автор: Марфуға Айтқожина

Есілкөл

Ақтарып бар арманын жүректегі,


Алдыңа келді Алатау түлектері.


Әлде бұл аңсай күткен көптен бергі,


Ақ бұлттай ақтарылған тілек пе еді.


Көңілден арылғандай алаңдығым,


Ортаңда тұр ғой толқып балаң бүгін.


Жұртымның жүрегінен шын ұсынған,


Даланың алуан түсті алам гүлін.


Асығып жеттік, міне,


Есілкөлге,


Есілкөл!


Кетпес болдың есімнен де.


Қайран ел қалды білем бір сілкініп,


Ана тілі самалдай есілгенде.


Жете алмай қайттым, әттең, Қасқатыңа,


Жыр арнасам деп едім бас-басына.


Қасқаттағы бауырлар қалай жүр деп,


Жанарым кетті-ау менің жасқа тұна.


Ойымды жазып кеттім тасқа сырлы,


Бір керу арман болып Қасқатыңды.


Өзім деп өзегімнен жалын өрем,


Ойым жоқ өздеріңе басқа түрлі,


Дей көрме, Алматының ақын қызы,


Біз үшін әлде несін бас қатырды...


Есілкөл!


Көріскенше қош-аман бол,


Шындаса бекімей ме босаған бел.


Жаныма қандай жақын қимай барам,


Осынау ата-бабам жасаған жер!


Жатса да тастарыңды жуып тасқын,


Есілкөл!


Мені әсте ұмытпассың.


Жағаңа қонған елің аман болса,


Тұп-тұнық жанарыңа жуытпас мұң!





Пікір жазу