Қапсырма
Ақынға аманат қып тапсырғасын,
Жеңгемнің алып кеттім қапсырмасын.
Теңедім аспандағы туған айға,
Құлақта дірілдеген ақ сырғасын.
Бұл күнде егде тартып қалғанымен,
Көремін қапсырмадан жас тұлғасын.
Жан едім тебіренген өссе гүлің,
Жадымда жүрер осынау естелігің.
Еліңнен сән кетсе де,
Жан, Жеңеше-ау,
Тұнып тұр қапсырмада ескен үнің,
Ай-күнге жарқылдатып қапсырманды,
Жорғамен шайқалдың ба көште бұрын.
Тұнып тұр қапсырмада әнің сенің,
Тұнып тұр өпшейтұғын жалын-сезім.
Қапсырма таққан,
Жеңгем,
Қамзолына,
Ұқсайсың қапсырмаңа барынша өзің.
Сезімнің шегі де бар алып ұшқан,
Жанымды туған елдің зары құшқан.
Халқымның теңдесі жоқ қол өнері
Жоғалып кетер ме екен жарылыстан.
Мұңымды жасырам ба көмейдегі,
Шындық қой қасіреттің көбейгені.
Балқытып жібермесін қапсырманды,
Алапат жарылыстар Семейдегі.
Үдеген сайын Семей жарқылдары,
Таулар да шөгіп жатыр нар тұлғалы.
Халқымның бар өнерін жояр ма екен,
Аралдың сияқтанып тартылғаны,
Бар асылын қолынан, жіберген соң,
Ұрпаққа не демекші артындағы.
Құрақ қурап,
Тау түні салқындады...
Басыма туғаннан соң аландар күн,
Емдесең де жазылмас жарам бар мың.
Мұрасы туған елдің былай тұрсын,
Тағдырын отыр ма елеп адамдардың.
Кім көреді көз жасын босып кеткен,
Арқадағы ақ бөкен,
Маралдардың?!.
Жыр жатыр қапсырмаңда тарамайтын,
Көл жатыр,
Көңіл жатыр,
Шалқар, ай-түн...
Жеңеше-ау!
Жеңілдетші жан жүгімді,
Қайғым бар күннің көзін қалқалайтын.
Қырау болып қасірет самайда тұр,
Күңіреніп айта жатар талай ғасыр.
Кешегі ән қалқыған Қарауылда,
Қан жұтып,
Қара киіп Абай жатыр!..
Бітер ме екен сол өлген маңайға тіл...