12.06.2021
  263


Автор: Марфуға Айтқожина

ПЕРІШТЕ КӨҢІЛ

Сыбырлап құлағыма сұлу үнің,


Тұрғандай айтып маған сыры,


Мұңын...


Сезімін сақтай білген сұңғақ бейнең


Тұрады көз алдымда күні бүгін.


Өтсе де талай ғұмыр белестеніп,


Тұрады кешегідей елес беріп.


Аптабы шаңқай түстің шыжғырады,


Кеше ғана балауса емес пе едік.


Өзіңнен тым шалғайда жүріп бүгін,


Жастанып тұрдым талай үміт шыңын.


Қалпында мөлдіреген қалды ма екен,


Кешегі періштедей тұнық күнің?!


Талайдың іштей үнсіз ұғып мұңын,


Менің де ширатылып,


Шынықты үнім.


Жоқ шығар шарасы да шынықпауға,


Шыңына сан белестің шығып бүгін.


Тағдырдың аласұрған ағындары,


Қайтейін, кейде еркіме бағынбады.


Оятар шырт ұйқыдан түн ішінде,


Сырттағы бір есіктің қағылғаны.


Уақыт — шебер,


Санаға салады өрнек,


Мақтай түсіп, арқаңа қағар ел көп..


Қысымына жылдардың қарамайды,


Бәрі бір сенің бейнең қалады өр боп!





Пікір жазу