10.06.2021
  394


Автор: Ілияс Жансүгіров

Сондағы Шалтабай өлеңінен

(Манап Байпақұлы жинағанынан алынды)


Үш Қарқара, кең Текес қайран жерім,
Қайғысыз, қамсыз өскен қайран елім.
Кәпірдің уысына қалдың түсіп,
Күн болмас баяғыдай енді тегін.
Ел-жұртым, тілеулес бол, амал бар ма.
Тістеулі қос бармағым, кетті-ау кегім.
Басқа бәле түскенде, қызыл тілім
Аман бол дейді елім, ағам, інім...
Қолына түсіп орыстың,
Көрдім дүние жалғанын.
Тазабек, Саурық күш қоспай,
Тараншыға сенем деп
Тістеулі кетті-ау бармағым,
Ішімде кетті-ау арманым.
Замандастар аман бол.
Көтеремін мойныммен
Орыстың салған қармағын.
Қожеке, сенің әкең Назар еді,
Жігітке жүрген жері базар еді.
Іліпбай, Саурық ағам аман болса,
Артымнан бір қағазды жазар еді.
Ауылым көшті ме екен жайлауына,
Тұрмайды жалғыз бие байлауына.
Іліпбай, Саурықпенен тірі болса,
Орыстың жібермес ед айдауына.
Менің атым Шалтабай,
Асылдан соққан балтадай.
Сібірге айдап барады
Мынау кәпір қайтеді-ай.


қылды. Мұның бірі Албан Тазабек. Тазабек тараншы ханымен сөздес болып, орысқа бағынғысы келмейді. Албандағы Құрман Саурық деген кісі де орысқа бағындырмай, ең болмаса Албанды ажыратып алғысы келеді. Өзіне ерген Албанды көшіріп, Құлжа маңайына көшеді. Бұған Бұғы қырғызы да қосылады. Саурық Батыш, Жетен деген адамдарды орыс ұстауға шығады. Саурықты орыс қуып, Қытайдың Суасу деген жерінде жатқанда, 30 казак-орыс қазақтан басшы апарып, Саурықты ұстайды. Мұның қолында қырғыз Балбай деген болады. Бұл екеуін Алматыға әкеліп, «абақтыда өлді» қылып көзін жоғалтады.


«Тазабек орысқа қарсы» дегеннен Тазабекті ұстауға Алматыдан 100-дей казак-орыс шығады. «Тазабекке орыс шықты» дегенде Тазабек шындап атқа мініп, жақын жердегі орыс қарауылдарын өлтіреді. Тазабектің жинаған азын- аулақ жасағы болады. Тазабекті қуған орыс Іле бойында Тазабекпен кездесіп, атыс болып, екі жақтан да бірқауым кісі өледі. АқырындаТазабек тайқап, Қырғызсайды басып, Сүмбемен асып, Құлжаға кіріп кетеді. Тараншы ханы Абылұлының қолтығынан барып кірді.


Орыс Ушаков тараншыға тап беріп, Құлжа маңайына әскер аттандырды. Бұл әскер Шалкөдені басып жүрді.


Албан жиналып, Есенаман деген кісіні хабарға жібереді тараншыға. Тараншылар шабынысып, орысты тосады. Орыс тараншыға кісі салып, Тазабекті сұрайды. Тараншы Саурықты сұрады. Екі жақ сөз келісе алмай, орыс бұлады. Ол жолы тараншылар орысты табандатып жеңіп, бірталай адамын өлтіріп, әскерін қашырды.


Колпаковский қайта күш жинап, тараншыға аттанады. Іленің екі жағын өрлеп, орыстың көп әскері жүреді. Колпаковский өзі де осы жорықтың ішінде болады. Орыс тепкісіне шыдамай, тараншы орысқа бағынады. Тараншылар (Тазабекті) Колпаковскийдің қолына береді. Бұл жолы Шалтабай деген Саурықтың інісін де орыс ұстайды. Бұл 1871 жыл еді.


Тазабекті орыс түрмеде саурықшылатып өлтіреді. Шалтабайды Сібірге айдайды. Шалтабай сол кеткеннен 10 жылдан соң қайтып елге қосылады.





Пікір жазу