Жаркент оязында
Жаркент оязындағы Албан қонысында Қарқара деген жәрмеңке бар еді. Бұл жәрмеңкеге күнбатыс Қытай мен Ресей саудасы тоқайласатын еді. Жәрмеңкенің саудаға салынған сомасы кей жылы миллионға жететін. (Көтеріліс туралы сол күнде баяндама жазған әскербасы Нэдзбецкий деген Жетісудағы көтерілістің Герман, Түрік агенттерінің Қытай арқылы азғыруымен болды дейтіні бар. Онда ол: Герман, Түрік агенттері Қашқар, Құлжа маңайында тұрып, Қарақолдан, Жаркенттен апиын кесуге келген қытай жұмысшылары және Қарқара жәрмеңкесіне қатынасқан қытай саудагері қырғыз-қазақ ішіне орысқа қарсы көтеріліс жасауға құтыртты дейді. Онысы шылғи жорамал.)
Жаркент оязы Қытайға шектес болған соң оған өкімет өте сақ болған. Казак-орыс, хохол қалаларын қаруландырған. «Маусым жарлығы» жарияланарда Кравченко дегенді бас қылып Қарқараға отряд жіберген.
Жаркенттегі алғашқы төңкеріс ұшқыны тамыздың 12-сінде ұшқындады. Бұған дем берген Алматы оязындағы Қызылбөріктердің көтерілісі. Шелек, Меркі және басқа болыстардың қазақтары жиналып, тамыздың 12-сі күні шет Меркідегі Нащепкин деген крестьянның диірменін талап (диірмен қазақ жеріне басып салынған), өзін өлтіріп, аялын байлап, диірменді өртеп жіберді. Онан Жалаңаш қаласына соқтықты. Қаладағы казак-орыстар мылтық атып, кіргізбеді. Егіннен ұстап алып екі казак-орысты өлтіріп, қаланың малын тиіп әкетті және сол күні Шелек басына салынған Ново-Афон қалашығына қазақ тиіп, қаланың бәрін өртеген. Қала адамдары старостаның қорасына жиналып, кешке дейін айтысқан. Жалаңаштан шыққан прапорщик Берг отряды қаланы арашалаған. Қазақтар тауды бауырлай Кегенге қарай жүріп, жолдағы орыс қыстауларының, зайымкелерінің барлығын өртеген. Бұл жолда Спецевский деген поселкені отқа жағып, қазақ қолы со бетімен Қарқарадағы Албанға қосылған.
Тамыздың 13-і күні Қарқараға шабуыл жасалды. Жәрмеңкені қамады. Бірақ күні бұрыннан дайындалып тұрған отряд қазақтың түтінін тұман қылды. Бергтің отряды қазақтың артынан Кеңсу өрлеп түсіп, Кравченконың отряды Қарқарадан, бір жағынан Қырғызстанның қазағы — үшеуі тоқайласып, қазаққа ойнақ салды.
Қазақтар мылтыққа шыдай алмай, быт-шыт боп қашып, Кеген, Текес басына кетті... Көп мал, үй, шаруа иесіз шашылып далада қалды. Оны орыс олжа қылды.
Бұл уақытта қырғыздар Қарақолды алуға қам қылды. Қарақолда орыс күші аздық қылды. Сондықтан Қарқарадағы Кравченкоға жылдам Қарақолға жету керек болды. Тамыздың 14-і күні түннен жәрмеңкені тастап, саудагерлер мен орыс отряды Қарақолға үркіп кетісті.
Жаркент оязында қазақ соқтыққан қалалар: Спецевский, Таврический, Владиславский, Красноярский, Ново-Афонский, Ново-Киевский, Меданский, Шолақ, Медет, Жалаңаш қалалары. Бұлардан басқа жеке диірмен, заимке, хутор, омарталар да көп болды. Бірақ қаланың үйлері өртеніп, үйі талансада, адам өлуден саябыр болды.
Бұл қаланың адамдары «переселен» қарауында болып, сол жылы қыстай қазақ малымен асыралынды.
Тамыздың 10-ы күні сәскеде Қарқара жәрмеңкесіне Санташ жақтан және Жалаңаш жақтан қазақтың қалың қолы көрінді. Осы екі қол келіп, Қарқараның күнбатыс жағындағы жазыққа кеп қосылысты.
Бері казак-орысты алып алдын тосуға бұйырылған еді. Ол 30 шамалы казак-орысты алып алдын тосты. Оқтың оңтайына келгенде екі-үш рет оқты жаппай жібергенде қазақтар быт-шыт боп қашып кетті. 4 адам оққа ұшып қалды.
Тамыздың 12-сі күні қазақ Қарқараға соқтығуға Иір судың бойына және құралды 5000 қаралы кісі болды. Қолындағы қаруы — сойыл, бақан, найза, балта еді. Бұған қарсы 25 казак-орыспен Берг және прапорщик Моргоның ротасы шықты. Бұлар қазақты қамап алмақ болып екі бөлінді. Бергтің отрядының алдынан жаяу қазақтар оқ атқан соң, Берг отряды атысып кетті. Қазақтар атыса-атыса тауға қашты.
Берг қорыққан қазақты қуайын десе де оған бұйрық болмады. Сөйтсе де түс мезгілінде Берг өз бетімен шауып кетіп, қалың қазақтың сыртқа беттеп үріккен көшіне тиді. Түтінің түтініне қосып шапты. Қазақтар жиналып біресе тиіп, біресе шегініп ұйқы-тұйқы болды. Берг қазақ қолының ішінде жүрген ақ жалау көтерген күміс ер-тоқымды көк аттыны дәлдеп атты. Сонда бұл атты қолын бұлғап шауып таудан аса жығылды. Бұл өлген болыс екен. Мойнында III Александрдың алтын медалі бар екен.
Ту ұстаған өлген соң қазақтың жиналған быт-шыт боп қашты. Олардың соңына орыстар түсіп, қозы құйрық қылыштап қырды. Аяғында Берг отряды 10.000-нан астам сиырды, 40-50 мыңдаған қойды, 40 түйелі мүлікті, бірнеше мылтықты Қарқара жәрмеңкесіне айдап келді.
Тамыздың 13-і күні Қарақол жағындағы жолдан бір топ қол көрінді. Алдынан Берг тағы қарсы шықты. Бұлар 300- дей Қарақолдағы апиын кесуге келген қытай, дүңген кедейлері екен. Орыс отряды бұлардың алдынан оқ атып, быт-шытын шығарды. Олар Қарқараны өте қашты. Соңына тағы орыс түсіп, 11-інен басқасын тегіс қырды. 11-ін Қарқараға ұстап әкеліп, оларды да 14-і күні таңертең Жаркент жолының үстінде Серікбайлармен бірге атып тастады.
Тамыздың 14-і күні Қарқарадағы барлық отряд саудагерлерімен қоса Қарақолға көшті. Бұларға Санташ асуында қырғыздар және соқтықты. Бірақ қырғыздар бірнешеуі оққа ұшқан соң қайта серпіліп, тауға кіріп кетісті. Бұл соқтығыста қырғыздың 23-і оққа ұшты.
Тамыздың 15-інде осы отрядты Жырғалаң суын өтерде және көп қырғыз қамады. Көпір бүлінген еді. Екі жақтан атыс болды. Қырғыздар жедел тиіп жіберсе де, жаппай атылған оқ олардың бетін қайтарып бұрды. Аяғында көп өлік қалдырып, қырғыздар тауға қашты.
Орыстар бұл қырғыздардан қанмен жазылған бір ту түсіріп алды.
Жаркент оязындағы көтеріліс Албанда болды. Іленің оң жағында қоныстайтын Суан деген ел Қытай шегіне барып қайта қайтты. Суандар консул арқылы Алматы жандаралынан ұлықсат алып, жігіт бермек болып, жеріне көшіп келді.
Бірақ бұлар да көп шашылды. Жаркент оязында Албан үркіп кетіп, қазақтан қалған Суанға барлық алым-салық кеңірдектен басты. Үй басына айналдырып ат алды. Ояздағы барлық қалған астықты Суан мен қолына түскен Албанға орғызды. Қыстай неше түрлі шығыннан ел ығыр болды.
Жаркент оязындағы тараншылар да алғашқы уақта «жұмысшы бермейміз» деген сөздері болған. Бірақ қазақтай көтеріліп кете алмаған. Оған себеп — олардың отырықшылығы болыңқырады. «Бала бермейміз» деген тараншының бірсыпыра ақсақалдарын әкеп Қарқарадағы түрмеге тығады. Мұның бірнешеуі Албан Серікбайлармен бірге Қайқыда атылды.
Жаркент оязынан үріккен елдің жайы өте нашар болды. Қытай шегіне барған жерде Қытай шерігі өткізбей, бір жағынан орыс қуып, орасан тарлық көрді. Аяғында тарту-таралғысын беріп жүріп, қашып-пысып Қытайға қараған Құлжа ауданындағы Қызай мен Албан қазағының жеріне барды. Осы жерде адамы сатылып, ауылы таланды.