08.06.2021
  234


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Дастарқан үстіндегі даңғаза

Самаурын әнге басса,
Қазан қайнап бұрқылдайды.
Құрық болған қу мекиен,
Тыным таппай құрқылдайды
Төр алдында төсек тартып,
Бастық жатып ыңқылдайды:
— Қап!
Мынау иттің аузын жап!
Онсыз да бас зырқылдайды, —
Деп әйелін шақырады,
Үйден сыртқа ақырады.
Басқарманың мүшелері,
Отыр бәрі тұнжырасып,
Күз көңілсіз жаңбырымен,
Даланы тұр былжыратып.
— Жолдастар - ау қыстау...
Дегені сол,
Қолма-қол:
— Қыстау бітуін бітті - ау,
Бірақ асығыстау...
Деп зав.ферма қабақ шытты.
— Ептеп-ақ, жатырмыз,
Жетпей-ақ жатырмыз,
Уақыты құрғыр қысқа - ау,
Оның үстіне ауданнан,
Кешігіп тиді нұсқау.
Нұсқау болмаса қиын ғой,
Бізді ауылдан ұстау.
Бірде орақ деп кетеміз,
Бірде қонақ боп кетеміз,
Жаратылыс та күшті - ау...
Жегің де келеді,
Ішкің де келеді,
Құдайға шүкір,
Тіс бүтін, іш сау...
Деп алды да кеңкілдеп,
Күліп болып селкілдеп:
Күлімсіреп зав.ферма,
Көзін сәл - сәл қысады.
Ойына түсіп кетті де
Крыловтың мысалы:
"Ала жаздай әндетіп..."
Деп алды да ақырын,
Айтып тұрған бастыққа
Тоқтата қойды ақылын.
Өзіне де оңай ма,
Қайда қалды істесе?
"Сен салар да мен салар!"
Салақтыққа түспесе ?
Орынсыз көзі кіртиген,
Болымсыз мұрты селтиген,
Ыңылдай түсіп Басекең,
Кейіген жері осы екен:
— Қысқарт ондай әзіліңді,
Үзір-мәзіріңді.
Не бар, не жоқ,
Айт онан да әзірін?
— Почему-то шөпті,
Аз орылды депті.
Тасылмады демесек,
Оны малдың жеуіне,
Болмаса керек еш дау.
— Әрине, — деді бригадир,
Қостауға келген де әзір:
— Қолдан келсе тасып жейміз
Тіпті болмаса төбесінен басып жейміз.
Қысылатын түгі жоқ,
Қар басса ашып жейміз...
Деді мұртын ширата түсіп,
Бастықтың көңілін аулай түсіп.
Бастық қатты ыңыранды,
Төсегінен аунай түсіп,
— Кешіктік, ойбай кешіктік!
Сөгіс алдық бюродан,
— Е, оны кеше есіттік.
— Тақтай керек, тақтай
Шаршадық соны таппай,
Мал қораға есіктік.
— Астауды да бастау,
Керек деп білемін,
Ол күйінше тастау...
Есуастық, — деп еді бастық,
Мыжғыланды жастық,
— Істейміз, бітіреміз! деді бәрі,
Онан әрі,
Әрине, шай мен ет келді.
"Мені алыңдар " деп келді.
Мойны сорайған көк шыны,
Ашу үстіне деп келді.
Біреу түбінен періп қалды,
Жұтуға рет келіп қалды.
Танаулар жампаң қақты,
Бастыққа жалтаң қақты.
— Мына бір суық та...
Алып жіберіңіз, суытпа!
Тымау термен кетеді,
Бұл әрі кетсе,
Жел бермен кетеді... —
Десіп бәрі шүңкілдесті,
Кеңірдектер бүлкілдесті...
Ішіп-жеп тойып,
(бір лақты сойып)
Бір - екіден тастап болып,
Шықты бәрі атқа қонып.
Бірақ бұлар кешікті,
Сыртқа шыға бере,
Қыстың даусын есітті...
* * *
Әрине, буларда мәжіліс
Үзілмей болып тұрады.
Мәселенің көптігі сонша,
Басқарма мүшелері
Кейде кеңсеге қонып тұрады.
Сондықтан да оларды,
Іздеп келгендер,
Сирек жолықтырады.
Малын қыста қырып алып,
Орнын төлімен әрең толықтырады.





Пікір жазу