08.06.2021
  189


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Содырларға бір сойқан

— О, қайдасың, Бәти - ау,
— Не боп қалды апырау?
— Госконтроль — бақылау,
Тексеретін болыпты.
Соны айтамын, қатын - ау.
— "Қос кантроль " дейсің,
Қайдан кепті бәтір - ау.
— Содырларға бір сойқан,
Төніп келе жатыр-ау.
Қауіп-қатер бізге де,
Байқауымша жақын - ау...
— Қайдағыны айтпа,
Айналайын қатын - ау.
Алсақ ақша төлесек,
Көзбен көріп тұрсақ та,
Мынауың не демесек.
Бізде олардың несі бар,
Бір адамға көрсетіп,
Жарты көпек жемесек.
— Үй тұрғанда осынау,
Көк шифрлы екі дәу...
Мүмкін емес шошымау...
Алар айлық елу сом,
Белгілі ғой дос - ау...
— Алсақ адал пұлға алдық,
Бухгалтермен бірге алдық.
Ала-бөле сол үшін,
Боламыз ба құрбандық.
— Болмай көрші құрбандық,
Қай нәрседен құр қалдық.
Бір зат келсе бірге алдық.
Кейінірек бір есеп,
Істерміз деп ұйғардық.
Әсіресе сен иттің,
Кесіріңнен былғандық.
— Не дейді ойбай, бетім - ау,
Еркек шіркін қатынды,
Қаралауға жетік - ау.
Ашып айтшы ысқырмай,
Қара басқан кетік - ау
— Ашып айтсақ анығын:
"Сервант кепті" деп келесің,
Алма десем жек көресің.
Оны алып бір дем алғанда,
Бұлан-талан боп келесің.
— О немене ?
— Гарнитур.
Алып келдім үйде тұр.
— Ақша қайда?
— Ақша байда...
Деп айқайды саласың кеп,
"Өлсең де тез аласың " деп.
Ертеңіне "трюмо " деп,
Айна да жоқ бұл үйде " деп,
Қиратасың қиқу салып,
"Оңбаған шорт, жүр үйге"деп.
"Гардироб бір, шкаф дейсің,
Алмасам түк істетпейсің.
Сақалымды талдап жұлып,
Мұрт байғұсты іскектейсің.
Шаң жұтқыш, бір стираль...де
Қыр соңыма түстің: "ал!" деп,
"Үй сыпырар дәрменім жоқ,
Кір жуатын бұрынғыдай,
Жалаң қағып тұрғаным жоқ... "
Деп қоймадың, алдық босын.
Шығын болды ол да тосын.
"Дорожка мен диван " дедің,
"Ақырғы рет қинал " дедің.
Оны алып ем "кілем " дедің,
"Үй жағалай ілем " дедің.
Алмаймын - ақ деп ойлап ем,
Күні-түні дігерледің.
Мың өлдім ғой, бір өлмедім...
Ар-ұятты сатсақ - тағы,
Қарызға әбден батсақ - тағы
Амал бар ма көніп қалдық,
Акті жасап ақша орнына,
Қағазды үйіп-төгіп салдық.
Енді мынау, бір-ақ сұрау,
Алдымызда дайын тұр-ау.
"Атқарыпсың үлкен роль,
Мейлің мың өл, мейлің бір өл...
Жауабын бер халық алдында ",
Деп шындықтың ашты бетін
Партиялық Госконтроль.
Әкеміздің малындай - ақ,
Мол дүниені кешіп едік,
Өзімізге түк обал жоқ,
Бетімізбен кетіп едік...
Қош аман бол, қош аман бол,
Қатын, саған айтарым сол!





Пікір жазу