08.06.2021
  191


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Бастық пен жастық

I. Азанда
Таңертеңгі азанда,
Қойдың еті шымырлап
Қайнап жатыр қазанда.
Серпе сипап жастықты,
— Шай боп қалды, Майеке, —
Деп оятты бастықты.
— Коньяк па, ром ба!
Сол құрғыры мас қыпты,
Деп күледі Маймұрын.
Қысып қолмен шекесін,
Мөлдіреп келе қойған соң,
Қалай тастап кетесің...
— Бас жазылу оп-оңай,
Шаймен бірін тастасақ
— Бір күн кетті десеңші
Ол итті бір бастасақ...
Деді бастық қынжылып,
Тұра ма бүйтіп күн жылып.
— Қалдырмаймыз жарты дән
Саспа, Меке! Саспаңыз,
Жағымпаз бір ыңғайсоқ
— Мынаны ішіп тастаңыз, —
Деп ұсынды жүз грамм.
Екі жүзге жетпей-ақ
— Келін шырақ, сіз бір ән
Бастаңыз, біз қостайық, —
Деді Мәкең көңілді.
Басты бастық мыжғылап,
Түгін қоймай кемірді.

II. Талтүсте
Күн төбеге келіпті,
Бастық жатыр құшақтап,
Жуан, жұмсақ жастықты
— Шай қайнады, Мәйеке,
— Деп оятты бастықты.
Ол жуынып болғанша,
Басекеңді бас күтті...
Шошып қалды Маймұрын,
Шампанский шапшыпты
— Бұларың не, жолдастар,
Кетпейміз бе астыққа?
— Баруда не пайда бар,
Әуе айналған ыстықта.
Көріп келдім, комбайн,
Жүріп жатыр бұрқырап
Машиналар шұбырып,
Кетіп жатыр зырқырап.
Біз тұрғанда Майеке - ау,
Болмаңызшы беспакой,
Пішенде жүз процент...
Тасылыпты от какой! —
Деді де жігіт шынының,
Беріп қалды түбіне.
Барып соқты тығыны,
Үйдің жиған жүгіне.
— Келініңіз сіз үшін,
Тост көтерем деп отыр,
Дыбырлама жігіттер,
Сөзді тыңдап тек отыр —
Деген - ақ сол жас әйел,
Көтерілді сыпайы,
Ұсынғанын жұтпаса,
Кететіндей ұпайы,
— Жұмысыңыз, Май аға,
Алға баса берсін деп,
Саулығыңыз, Май аға,
Жылдап аса берсін деп,
Осы тосты көтерем!
Дегенде кеп шу етті,
Жұтып тастап жүз грамм
Жей бастады ту етті.
Сонымен кеш боп қалды,
Тағы оятты бастықты.
Бастық көне қоймады
Құшағына ап жастықты.
* * *
Осындай бір көңілшек,
Көрсе қызар бастық бар,
Бастық көрсе қырланып,
Тұра қалғыш жастық бар.
Ар, ұятын түйіп ап
Жүз грамдап ішіне..
Жататын жастық жастанып,
Айтыңдаршы ол, кісі ме?





Пікір жазу