08.06.2021
  173


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

"Қыл көпір" аузында

Қызыл қасқа ту сиыр,
Өкіреді алақтап,
Жан-жағынан тұр бүгін,
Жеті пышақ жалақтап.
Қолын жайып молда тұр,
Тұяқбаев Жәнетке:
"Қабыл болсын құрбаның,
Жайың болсын жәнетте ",
Дегенде оның аузынан:
Шығып кетті "ылаһым ".
— Сіздерге де иманды,
Берсін, — деді, — құдайым.
Жеті жақтан жеті шал,
Ұстап сиыр құйрығын,
"Қыл көпірдің аузында ",
Күтіп құдай бұйрығын.
Салбырайды бастары,
Құлап жатыр құманы.
Завсклад гортопта,
Тұяқбайдың Жұманы.
Ол да келіп қол жайды,
"Қабыл болсын, тілек " — деп,
"Көптен бері көре алмай,
Молдекеңді жүр ек деп".
Молда көзін жұмады:
"Алдыңда, деп қиын күн!"
Елестеп көзге терісі —
Қызыл қасқа сиырдың...
Молдекеңе тым жақсы,
"Иіс-қоңыс " тағы бар.
Айтта құран оқытқыш,
Тағы біреу табылар...
Ықылайды есегін,
Шұқылайды иығын.
Жан-жағына жіберіп,
Көздің арам қиығын.
Қарызданып Жәнет тұр,
"Кірісемін шекке " деп.
Кердеңдейді молдекең,
Ет, теріні текке жеп.
Жоққа сенгіш, "құдайшыл"
Алдаушының құрбаны,
Арамызда бар әлі,
Құрбан болған құр малы...





Пікір жазу