08.06.2021
  167


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Сұлтекеңнің соры

Кең балақ,
Тар тізе,
Жалаңбас,
Ақ нейлон көйлекті, бұйра шаш.
Шым қара костюмді,
Жып-жылтыр галстук,
Үстінде балонды көк плащ.
Филтрлі аузында ВТ-сы,
Босаған қолында "трезор " құтысы.
— Пардон, — деп жымиып күледі,
— Прошу, — дегенді жанындай сүйеді.
"Ғашықтық ", "пасықтық " не екенін білмейді,
"Махаббат " отына көбірек күйеді.
Ресторан алдынан Сұлтеке — Серожа,
Айналып шықпайды жүреді.
Студент Зооветте
Екінші курс — деп танысып,
Бір қызға — сельхозда,
Бір қызға — нархозда,
Бір қызға КазГУ-де қол алысып,
Айғабақ күнде бір түлейді,
Кей күндер вокзалға түнейді.
"Бар қызық осында екен " деп,
Бар қызық киімді
"Әсемдеу екен " деп,
Түн болса би билеп, күй күйлеп,
Жүргені тынбастан секеңдеп.
Әкесі ауылда, совхозда,
Кім білген қарауыл, завхоз ба ?
Әйтеуір бар тапқан ақшасын,
Жаздайғы бар еккен бақшасын,
Балаға жіберіп жатады,
Арзанға қымбатын сатады.
Сәлемдеме — ет пен май,
Жүз сомдап ай сайын ақшалай,
Құйылып жатады қалтаға,
Ресторан, қыдыру, картаға,
Бәріне жетіп те жатады,
Оңға да, солға да шашады.
Сұлтеке бір күндер
Сынақтан қулады,
Қуылып оқудан шығады.
Білдірмей ол жағын үйіне,
Ақшаны көбірек,
Тезірек салуды сұрады.
"Ардақты әкежан, апашым,
Оқудан хат салған боташың.
Күн-түні оқимыз, тынбаймыз,
Бір мезгіл консультант тыңдаймыз,
Бір мезгіл өткенді - кеткенді
Қайталап оқимыз шыңдаймыз.
Әйтеуір, түнде де,
Күнде де тыным жоқ,
Оллаһи, тартатын шылым жоқ,
Тіршілік керек қой басқа да,
Білесіз, зор қала астана...
Мұндайда керегі тиын ғой
Тиынсыз күн көру қиын ғой!.."
Сәлем хат жылмитып салады,
Ақша мен хат күтіп қалады.
Әке мен шешесі сасады,
Қарызға белшеден батады.
Тапқанын жіберіп жатады...
Сонымен Сұлтеке — Серожа,
Әкені сүліктей сорады.
Түнімен сандалып, таң ата —
Бір таныс тауып ап қонады.
Оқудан қуды деп айта алмай,
Еліне арланып қайта алмай,
Бос жүріс, сандалбай, зіркілдеп,
Бұзыққа айналар біртіндеп.





Пікір жазу