Біреу жара — пара
Біреудің қойының басы боп,
Біреудің көзінің жасы боп,
Көрмеген құқайы жоқ,
Ұтылмаған ұпайы жоқ.
Азған-тозған пара,
Жарылмаған жара,
Көз бола қалса саған:
— Кімсің? — десең оған,
— Парамын! — дейді.
— Қайда барасың? — десең,
— Сонау үйге барамын! — дейді.
— Осынша оралып,
Жүргенің не қараңғыны оранып? —
Десең ол шынын айтады:
— Өйтпесем пара болам ба?
Онда бітеу жара болам ба?
Білдірмей жарылмасам,
Күні бұрын дарылдасам,
Бүйтіп өмір сүрмес ем,
Әлі күнге жүрмес ем.
Сондықтан да әріден келем,
Хандардың да мойнына міндім,
Ханымдардың да қойнына кірдім,
Бидің қазанында қайнадым,
Молданың азанына байландым.
Тозған десең тозған - ақпын,
Құритын - ақ жазған - ақпын.
Қылмыстының қалтасында,
Жылпостықтың арқасында
Қалып жүрген сияқтымын,
Заман алдында ұяттымын,
Мынау ғой сиқым,
Ылғи ғана қиқым...
Бітеу, сасық, жарасың,
Аты-шулы Парасың,
Осы оңбаған түріңмен
Қашанға дейін барасың?!