08.06.2021
  202


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Кенжетай мен Жеңгетай

— Кенжетай! — деді Жеңгетай, —
Сен, осы бойдақсың ба?
— Бойдақпын.
— Қызын көрдің бе Қой бақтың?
— Жоқ! — деді Кенжетай.
— Ендеше, — деді Жеңгетай, —
Әкесімен тілдестім,
Шешесімен сөйлестім.
— Үйлестің бе? — деді Кенжетай.
— Үйлестім! — деді Жеңгетай. —
"Жігітің қандай?" деп еді.
Мұндай дедім:
— Біріншіден — білімді,
Екіншіден — сенімді,
Арақты татып алмайды,
Татса да сатып алмайды.
Ақшаны тапқыш, — дедім.
Әйелді баққыш, — дедім.
— Қыз қандай? — деді Кенжетай,
— Сындырған нандай! — деді Жеңгетай.
Ай десе аузы, күн десе көзі,
Нағыз сұлудың өзі.
Жүрісі мен күлісі,
Отырысы мен тұрысы,
Мінезі мен сөзі,
Күлімдеген көзі,
Бөрі түгел, бөрі сай,
Жасауға да бай... —
Деп еді Жеңгетай,
Қызыққан Кенжетай:
— Көндім, — деді, — жеңеше!
— Кеттім, — деді, — ендеше!
Сөз сонымен бітті,
Жеңгетай келіншекке зытты.
Кенжетай келіншегін күтті...
Айтып ауыз жиғанша,
Ашып көзді жұмғанша,
Келіншек келді,
Тойын істеді,
Он күн ойын істеді,
Күннен күн өтті,
Кім ұтылды, кім ұтты?
Бірін-бірі сынасты.
Бірінің сөзі, бірінің тілі ащы.
Бірі "о" десе,
Бірі "ноо" деді,
"Саған керегі со!" деді.
Бірі күңк етсе, бірі дүңк етті.
Бірі шаңқ етсе, бірі мыңқ етті.
Таяқ сарт етті,
Шапалақ шырт етті,
Кенжетай Жеңгетайға жүгірді,
Жеңгетай Кенжетайдан түңілді.
Ар жоқ, намыс жоқ,
Тіркелген ЗАГС жоқ.
Келіншек төркініне кетті,
Той-топыр сонымен бітті.
Кенжетай Жеңгетайға қарады.
Жеңгетай Кенжетайға қарады.
Енді кімге барады? —
Кезінде әңгіме болады.





Пікір жазу